Ақшаны тез жинаудың 6 әдісі
Ақшаны тез жинаудың 6 тиімді әдісі
istockphoto.com
213
оқылды

Ақша жинау көпшілік үшін оңай емес. Күнделікті шығындар, коммуналдық төлемдер, азық-түлік пен басқа да қажеттіліктерден кейін жалақыдан қаражат қалмай жатады. Дегенмен қаржыны дұрыс жоспарлау арқылы аз табыстың өзінен ақша жинауға болады. Aikyn.kz қаражатты жылдам жинауға көмектесетін алты қарапайым әдісті ұсынады.

1. Жалақы түскен күні ақша бөліңіз. Көп адам ай соңында қалған ақшаны жинауды жоспарлайды. Алайда көбіне айдың соңына қарай қаражат таусылып қалады. Сондықтан ақша жинауды жалақы алған күннен бастаған дұрыс.

Мысалы, ай сайын 300 мың теңге табыс тапсаңыз, оның 10 пайызын, яғни 30 мың теңгені бірден жинақ шотына аударыңыз. Осылайша бір жылда 360 мың теңге жинауға болады. Ал табыстың 20 пайызын жинасаңыз, бұл сома 720 мың теңгеге жетеді.

Ең бастысы – күнделікті қажетті шығындарға зиян келтірмейтін мөлшерді таңдау.

2. Қымбат зат сатып алмас бұрын 30 күн күтіңіз. Кейде адамдар өзіне аса қажет емес заттарды көңіл күйге байланысты сатып алады. Әсіресе интернет-дүкендердегі жеңілдіктер мен жарнамалар жоспардан тыс шығын жасауға итермелейді.

Мұндай жағдайда 30 күн ережесін қолдануға болады. Егер қымбат зат ұнаса, оны бірден сатып алмай, бір ай күтіңіз. Осы уақыт ішінде оның шынымен қажет екенін бағамдай аласыз. Көп жағдайда алғашқы қызығушылық басылып, сатып алу қажеттілігі жоғалады. Ал жұмсалмай қалған ақшаны жинаққа аударуға болады.

3. Күнделікті ұсақ шығындарды бақылаңыз. Ақшаның қайда жұмсалып жатқанын байқамай қалатын кездер жиі кездеседі. Күнделікті кофе, такси, дайын тамақ немесе қажетсіз ұсақ сатып алулар ай соңында қомақты сомаға айналады.

Мысалы, күн сайын 1 500 теңгені үнемдесеңіз, 30 күнде 45 мың теңге жиналады. Ал бір жылда бұл көрсеткіш 547 500 теңгеге жетеді.

Әрине, барлық ұсақ шығыннан бас тарту міндетті емес. Бірақ олардың қайсысы қажет, қайсысы артық екенін анықтау маңызды. Ол үшін бір ай бойы барлық шығыныңызды жазып жүріңіз. Нәтижесінде ақшаның қайда кететінін анық көресіз.

4. Ақша жинауға нақты мақсат қойыңыз. «Ақша жинағым келеді» деген жалпы мақсат көп жағдайда нәтиже бермейді. Оның орнына қанша қаражатты қандай мерзімде жинайтыныңызды анықтаңыз.

Мысалы, алты айда 300 мың теңге жинау үшін ай сайын 50 мың теңгеден бөліп отыру қажет. Ал бір жылда 1 миллион теңге жинағыңыз келсе, ай сайын шамамен 83 334 теңге жинауыңыз керек.

Мақсат нақты болған сайын оған жету жолын жоспарлау да жеңілдейді. Жинақтың атауын да белгілеуге болады. Мысалы, «Демалыс», «Баспана», «Көлік» немесе «Қаржылық қор». Бұл қаражатты басқа мақсатқа жұмсамауға көмектеседі.

5. Қосымша табысты бірден жұмсамаңыз. Кейде негізгі жалақыдан бөлек сыйақы, қосымша жұмыс ақысы немесе басқа да кіріс түседі. Көпшілік мұндай ақшаны жоспарланбаған сатып алуларға жұмсап жібереді.

Оның орнына қосымша табыстың белгілі бір бөлігін жинаққа аударуға болады.

Мысалы, ай сайын қосымша 40 мың теңге табыс тауып, оның барлығын жинасаңыз, бір жылда 480 мың теңге жиналады. Бұл тәсіл күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын негізгі табысты қысқартпай-ақ жинақты көбейтуге мүмкіндік береді.

6. Жинаған ақшаңызды бөлек шотта сақтаңыз. Ақшаны күнделікті пайдаланатын банк картасында сақтау оны жұмсап қою қаупін арттырады. Сондықтан жинаққа арналған бөлек шот ашқан тиімді.

Мүмкіндік болса, жинақ шотына автоматты аударым орнатыңыз. Мысалы, әр жалақы түскен сайын белгіленген сома автоматты түрде аударылып отырсын. Депозит таңдағанда оның пайыздық мөлшерлемесіне ғана емес, ақшаны мерзімінен бұрын алу шарттарына, толықтыру мүмкіндігіне және депозитке кепілдік беру талаптарына назар аудару қажет.

Ақшаны жылдам жинаудың басты шарты – табыс пен шығын арасындағы айырманы көбейту. Ол үшін міндетті түрде барлық қажеттіліктен бас тартудың қажеті жоқ. Күнделікті шығынды бақылау, жоспарсыз сатып алуды азайту және тұрақты түрде қаражат бөліп отыру жеткілікті. Ең маңыздысы – жинақ көлемінен бұрын оны тұрақты әдетке айналдыру. Себебі қаржылық тұрақтылық бір күнде емес, күнделікті дұрыс шешімдердің нәтижесінде қалыптасады.