Алматыда жалған медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын беруі мүмкін жеке клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желіде «Аяжан» клиникасының жалған медициналық анықтамалар мен медициналық кітапшалар рәсімдеуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты министрлік тексеру жүргізуге бастамашы болды. Егер заңбұзушылық анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
Министрлік жалған медициналық құжаттарды жасау, сату немесе біле тұра пайдалану үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Жауапкершілік құжатты заңсыз рәсімдегендерге ғана емес, оны сатып алған немесе пайдаланған азаматтарға да жүктелуі мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстанда еңбекке жарамсыздық парақтарын рәсімдеу тәртібі өзгерген. Енді құжат медициналық ұйым қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
