Жаңа теміржол құрылысы басталды
Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарын жалғайтын теміржол құрылысы басталды
156
оқылды

Атырау облысының Индер ауданындағы №5 теміржол өткелінен Батыс Қазақстан облысындағы Сәтімола кен орнына дейінгі ұзындығы 285 шақырым болатын теміржол желісінің құрылысы басталды.

Жобаның басталуына орай алғашқы болттарды бекіту рәсімі өтті. Салтанатты шараға Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары Марат Мурзиев пен Мирас Мулкай, сондай-ақ «Texоl» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава қатысты.

Жаңа теміржол желісі Сәтімола кен орнында өндірілетін калий тыңайтқыштарын тасымалдауға арналған. Жоба отандық өндірісті дамытуға, экспорт көлемін арттыруға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Құрылыс жұмыстары кезінде шамамен 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Теміржол пайдалануға берілгеннен кейін оны күтіп ұстауға 200-ге жуық маман тартылады.

Жобаны 2028 жылы толық аяқтау көзделген. Жаңа теміржол желісі екі өңір арасындағы көлік-логистикалық байланысты дамытуға және олардың әлеуметтік-экономикалық өсіміне ықпал етеді.

Баян Жанұзақова