Қазақстандық такси нарығында Qajet атты жаңа қосымша пайда болып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Жұрттың бір бөлігі оны көптен күткен отандық балама деп қуана қарсы алды. Енді бірі шетелдік алпауыттарға тәуелділіктен құтылатын күн туды деп сүйінші сұрауда. Алайда алғашқы пайдаланушылардың пікіріне қарағанда, елдің ықыласына бөленген жаңа сервистің әлі де шешілмеген мәселелері аз емес.
Қазақстандықтардың өз такси сервисінің болғанын қалауы түсінікті. Нарықта таңдау көбейсе, бәсеке күшейеді, қызмет сапасына қойылатын талап артады. Оның үстіне, жақында Яндекс сервистерінің жұмысындағы іркіліс ірі платформаларға тәуелділіктің қолайсыздық туғызатынын көрсетті. Сондықтан Qajet-тің пайда болуын құптайтын негіз бар.
Жаңа қосымшаның ұсынған шарттары да қызықтырады. Жүргізушілерге бастапқы кезеңде нөл пайыз комиссия уәде етілген. Жолаушыларға сапар құнын алдын ала білу, төлем тәсілін таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Әлеуметтік желіде жарияланған кейбір салыстыруларда Qajet бағасы бәсекелестерінен едәуір арзан болып шыққан.
Дегенмен жұрттың қуанышы мен қосымшаның нақты мүмкіндігі екі бөлек мәселе. Әзірге Qajet-ке деген ықылас оның қызмет сапасынан озып кеткендей әсер қалдырады.
Бағасы арзан, бірақ таксидің өзі қайда?
Threads желісінде Qajet арқылы көлік шақыра алмағандар тәжірибесін бөлісе бастады. Бірі жарты сағат бойы тапсырысын қабылдайтын жүргізуші таппағанын жазса, енді бірі күндіз де, кешке де бос көлік болмағанын айтады.
Мәселен, Әйгерім есімді қолданушы «Qajet taxi өздеріне таксисттер қажет-ау, бізге емес. Күндіз 11-де де, кешке де такси жоқ», – деп жазды.
Тағы бір пайдаланушының мәліметіне сүйенсек, бір бағыттағы жолақы Qajet-те 1330 теңге, ал өзге агрегаторда 1920 теңге болған. Алайда үш минут іздегеннен кейін Qajet бос көлік табылмағанын хабарлаған. Сөйтіп, жолаушы қымбатырақ болса да, басқа сервистің көмегіне жүгінген.
Мұнда такси нарығының қарапайым заңдылығы жатыр. Жолаушыға арзан баға керек, ал жүргізушіге табыс қажет. Екеуінің мүддесі үйлеспесе, экрандағы тартымды бағаның пайдасы шамалы.
Qajet жүргізушілерден бастапқыда комиссия алмайтынын мәлімдеді. Бұл, әрине, тиімді ұсыныс. Бірақ жүргізушінің табысы тек комиссияға байланысты емес. Ол бір сағатта қанша тапсырыс орындайтынын, әр сапарға қанша уақыт жұмсайтынын, жанармай мен көліктің күтіміне қанша ақша кететінін есептейді. Тапсырыс бағасы тым төмен болса, комиссиясыз жұмыс істеудің өзі тиімсіз болуы мүмкін.
Бұған қоса, ірі сервистер жүргізушілерді ынталандыру үшін түрлі бонустық бағдарлама қолданады. Ал Qajet мұндай жүйені қалай қалыптастыратыны әзірге белгісіз. Нөлдік комиссияның да мәңгілік емес екені түсінікті: сервер, мамандар, қолдау қызметі мен технологиялық инфрақұрылымның бәрі қаражат талап етеді. Оның үстіне, жүргізушілермен жасалатын шартта комиссия мөлшерінің кейін өзгеруі мүмкін екені қарастырылған.
Осы шарттың өзі де бірқатар сұрақ туғызады. 16 қазанда жарияланған құжатта жүргізушінің ең төменгі жасы [21], көлік жүргізу өтілі [3] жыл деп жақша ішінде берілген. Комиссия өзгеретінін ескерту мерзімі мен жүргізушінің ақшасын шығару уақыты да осылай көрсетілген. Тіпті баға белгілеу, төлем қабылдау және салық төлеу тәртібіне қатысты заңгерге арналған ескертпелер де сол күйі қалған. Жүргізуші қандай талаппен жұмыс істейтінін анық білуге тиіс емес пе? Әсіресе оның табысы мен міндеттемелеріне қатысты құжатта мұндай олқылықтардың болуы жаңа сервистің ұйымдастырушылық дайындығына күмән тудырады.
Сондықтан жаңа сервис үшін ең күрделі міндеттердің бірі – жолаушыға қолжетімді баға ұсынып, жүргізушінің де еңбегін ақтайтын жүйе құру.
Картадағы уақыт пен өмірдегі уақыт
Qajet-ке қатысты тағы бір сын навигация мен жолға кететін уақытты есептеуге байланысты. Threads қолданушысы @symbat.s.o қосымшаның жүргізуші алты минутта келетінін көрсеткенімен, іс жүзінде жиырма минут күткенін жазған. Оның айтуынша, баратын жерге жету уақыты да дұрыс көрсетілмейді.
Осындай күмәнді жағдай басқа бағыттарда да кездескен. Мәселен, Алматыдағы бір бағыт бойынша Qajet әуежайға 27 минутта жетуге болатынын көрсетіп, жолақыны 3500 теңге деп есептеген. Ал өзге сервис дәл сол бағытқа 52 минут пен 5800 теңге ұсынған. Бұл – екі қосымшаның болжамын салыстыру ғана, нақты сапар нәтижесі емес. Дегенмен 25 минуттық айырмашылықтың өзі назар аударуға тұрарлық.
Өйткені навигациядағы қателік жолаушыны кешіктірумен шектелмеуі мүмкін. Егер сапар құны жолға кететін уақыттың қате болжамына сүйеніп есептелсе, жүргізуші де зардап шегеді. Ол он минутта аяқтаймын деген тапсырысқа жарты сағат жұмсауы ықтимал. Ал мұндай айырмашылық жолақыға әсер етпесе, жүргізушінің бір сағатта табатын ақшасы азаяды.
Оның үстіне, Qajet-тің жүргізушілерге арналған шарты бойынша, тапсырысты қабылдаған адам оны қосымшада көрсетілген бағамен орындауға келіседі. Ал сапар ұзақтығы бастапқы болжамнан асып кеткен жағдайда жолақының қалай қайта есептелетіні құжатта нақты түсіндірілмеген.
Әрине, Qajet бағасының нақты қандай өлшемдермен есептелетінін білмей, жүргізушілер шығынға батып жатыр деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ жолға кететін уақыттың дәлдігі такси сервисі үшін қосалқы мәселе емес. Баға да, жүргізушінің жұмыс жоспары да соған тәуелді.
Мұнда тағы бір қызық жайт бар. Отандық қосымшаны қолдаушылардың арасында Qajet-ті Ресей технологияларына тәуелділіктен құтылудың жолы ретінде көрсететіндер кездеседі. Ал сервистің ресми сайтында 2ГИС карталары қолданылатыны жазылған. Бұл – Ресейде пайда болған картографиялық сервис. Оның бақылау пакетін 2020 жылы Сбербанк сатып алған.
Әрине, шетелдік технологияны пайдалану Qajet-тің қазақстандық өнім болуына кедергі емес. Бүгінде бүкіл бағдарламаны басынан аяғына дейін жалғыз өзі жасайтын компания сирек. Бірақ мәселе технологиялық тәуелсіздікке тірелсе, отандық компания мен толықтай отандық технологияның ара-жігін ажырата білген жөн.
Қауіпсіздік ұранмен қамтамасыз етілмейді
Бағаның арзандығы мен тапсырыстың кешігуіне келгенде, жаңа сервистің тәжірибесіздігін алға тартуға болар. Ал жолаушы қауіпсіздігі мен жеке деректерді қорғауға келгенде мұндай уәж жүрмейді.
Такси – адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысы бар қызмет. Сондықтан жүргізушінің кім екені, құжаты қалай тексерілетіні, жол үстіндегі қауіпті жағдайларға сервис қалай әрекет ететіні бірінші күннен бастап маңызды.
Осы орайда біз Qajet-ке тіркелу тәртібін байқап көрдік. Жасанды түрде дайындалған жеке куәлік пен жарамсыз жүргізуші куәлігін жүйеге жүктеу мүмкін болды. Қосымша құжаттарды бастапқы кезеңде қабылдады. Алайда кейін олардың тексеруден өткен-өтпегенін және мұндай аккаунттың тапсырыс қабылдауға жіберілер-жіберілмесін анықтаған жоқпыз. Сондықтан бұл тәжірибе жалған құжатпен жүргізуші болып жұмыс істеуге болатынын дәлелдемейді.
Qajet-тің ресми шартында жүргізуші құжаттарын компания қызметкері тексеретіні жазылған. Алайда тексеру кезінде құжаттың түпнұсқалығы қалай анықталатыны, қандай дерекқорлар пайдаланылатыны және жалған құжатты анықтайтын қандай тетіктер бар екені ашық түсіндірілмеген. Бұл сұрақтардың жауабы жолаушы үшін аса маңызды.
Бұдан бөлек, сервистің құқықтық құжаттарына қатысты да күмән тудыратын жайттар бар. Qajet-тің 16 қазанда жарияланған құпиялылық саясатында компанияның атауы мен бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетілгенімен, дербес деректерді өңдеуге жауапты адамның аты-жөні, хостинг пен төлем қызметін ұсынатын ұйымдардың атауы әлі толық жазылмаған. Тіпті мәтінде 2ГИС сұрауларының қай жерде өңделетінін анықтауға арналған заңгердің қызметтік ескертпесі сақталып қалған.
Бұл деректердің таралып кеткенін немесе компанияның оларды заңсыз өңдеп жатқанын білдірмейді. Бірақ жеке құжаттарын, телефон нөмірін, жүрген бағыты мен төлем мәліметтерін сеніп тапсыратын адам үшін мұндай олқылықтардың өзі алаңдатарлық.
Компанияның жария құжаттарында жүргізуші құжаттарын автоматты түрде тану үшін, бөлек келісім берілген жағдайда, америкалық Anthropic компаниясының Claude технологиясы қолданылуы мүмкін екені де көрсетілген. Кейін деректерді компания қызметкері тексеруге тиіс. Демек, мәселе жасанды интеллектіні пайдалануда емес, жеке мәліметтердің қорғалуына кім және қалай кепілдік беретініне келіп тіреледі.
Сервистің қолдау қызметіне қатысты да түсініксіз жайт бар. Qajet-тің ресми сайтында WhatsApp арқылы хабарласуға арналған +7 707 710 93 98 нөмірі көрсетілген. Ал құпиялылық саясатында және пайдаланушы келісімінде мүлде басқа нөмір – +7 706 619 60 91 жазылған. Әрине, компанияның бірнеше байланыс нөмірі болуы мүмкін. Бірақ олардың қайсысына қандай жағдайда хабарласу керектігі түсіндірілмеген. Жолаушы жүргізушімен келіспей қалса, төлемге қатысты дау туса немесе жол үстінде шұғыл көмек қажет болса, қай нөмірге жүгінгені дұрыс? Такси қызметінде мұндай ақпарат екіұшты болмауға тиіс.
Тағы бір назар аударатын мәселе – пайдаланушылардың қозғалысы туралы жиналатын мәліметтер. Qajet-тің құпиялылық саясатында жүргізуші жұмысқа шыққан кезде оның орналасқан жері, қозғалыс бағыты мен жылдамдығы әр 3-5 секунд сайын тіркелетіні жазылған. Сапар кезіндегі қозғалыс тарихы бір жыл, ал тапсырыссыз жұмыс істеген уақыттағы қозғалыс тарихы үш ай сақталады. Демек, сервис көліктің жылдамдығы мен қозғалысын бақылауға қажетті деректерді жинауды қарастырған. Бірақ олардың қауіпті жүргізу әрекеттерін анықтау үшін қалай пайдаланылатыны құжатта нақты түсіндірілмеген. Жолаушы үшін ең маңыздысы да осы: қосымша жүргізушінің қайда жүргенін біліп қана қоймай, қауіп төнген жағдайда дер кезінде әрекет ете ала ма?
Бүгін бірнеше жүз не бірнеше мың тапсырыс орындайтын жүйе ертең әлдеқайда көп адамға қызмет көрсетуі мүмкін. Сол кезде техникалық қателіктің де, қауіпсіздікке салғырт қараудың да салдары ауырлай түседі. Сондықтан мұндай мәселелерді пайдаланушылар көбейген соң емес, қазірден шешкен жөн.
Әлеуметтік желідегі пікірлердің бәрі Qajet-тің нашар жұмыс істейтінін дәлелдемейді. Жаңа өнімнің кемшілігі болуы заңды, ал алғашқы қиындықтарды еңсеруге уақыт пен қаржы қажет. Дегенмен оны қолдауға шақырған жұрт та, қосымшаны ұсынған кәсіпкерлер де бір нәрсені естен шығармауы керек.
Отандық өнімге деген ықылас – үлкен мүмкіндік. Әсіресе шетелдік компаниялар үстемдік құрған нарықта жергілікті бастаманың қолдау табуы қуантады. Бірақ бұл қолдау сапаға қойылатын талапты төмендетуге себеп болмауы тиіс.
Qajet айналасындағы қызу талқылауда «қазақты қолдайық» деген ұран жиі естіледі. Қолдайық. Бірақ сол қазақтың жүргізушісі еңбегіне лайық табыс тауып, жолаушысы уақытында жететін жеріне жетіп, екеуінің де қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек емес пе?
Ұлтқа қызмет етудің ең жақсы жолы – ұлттың атымен жарнама жасау емес, сол ұлттың қажетіне жарайтын сапалы өнім шығару. Qajet-тің шын бағасын әлеуметтік желідегі мақтау емес, күнделікті сапарлар көрсетеді
