Трамптың шешімі АҚШ Конгресінде де сынға ұшырады
Трамп Ресейге қарсы жаңа санкцияларды тоқтатты: Украина үшін салдары қандай?
261
оқылды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялардың едәуір бөлігін қолданбауға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Сарапшылар бұл шешім Мәскеудің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуі мүмкін екенін ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

TIME басылымының мәліметінше, 18 қазанда күшіне енуі тиіс заң Ресейдің шенеуніктеріне, қаржы ұйымдарына және бірқатар кәсіпорындарына шектеулер енгізуді көздеген. Сондай-ақ Ресей мұнайы мен газын ірі көлемде сатып алатын елдердің АҚШ-қа экспорттайтын тауарларына 100 пайызға дейін баж салығын салу қарастырылған.

Трамп бұл шешімді АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай деп түсіндірді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың айтуынша, жаңа санкцияларды қолдану 60 күнге тоқтатылады.

Бұған дейін АҚШ президенті Ресейдің әлемдік нарыққа 4,8 миллион тоннадан астам дизель отынын жеткізуі жөнінде келісім жасалғанын хабарлаған. Оның пікірінше, бұл жанармай бағасын төмендетуге көмектеседі.

Алайда сарапшылар Ресейге қарсы қосымша шектеулердің тоқтатылуы Мәскеудің мұнай экспортынан түсетін табысын сақтап қалуына мүмкіндік беруі мүмкін екенін айтады.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонның шешімін сынға алып, мұндай қадам Ресейге соғысты жалғастыруға жағдай жасайтынын мәлімдеді.

Трамптың шешімі АҚШ Конгресінде де сынға ұшырады. Оған республикашылдар мен демократтардың бірқатар өкілдері қарсы шықты.

Айта кетейік, бұл шешім Ресейге қарсы бұрыннан қолданыстағы барлық санкцияның күшін жоймайды. Ол жаңа шектеулердің бір бөлігін енгізуді тоқтатады.