Министрлік әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынасының белсенділігін ескеріп, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескеріп, халық арасында маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағалайды.
Қазақстанда маймыл шешегіне қатысты жағдай бақылауда: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
фото: www.istockphoto.com
169
оқылды

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі инфекциялық аурулардың, оның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Атап айтқанда:

* мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;

* ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде;

* барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;

* медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақытылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;

* аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.

Эпидемиологиялық жағдайға қатысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.

Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жұғуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшық еттердің ауруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.

Профилактика мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мыналарды ұсынады:

* теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;

* жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;

* инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;

* ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барғаннан кейін, уақытылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау.

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, халықтың денсаулығын сақтау және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.