Зерендіде дәстүрлі ZEREN photo fest фотофестивалі өтті. Фестиваль аясында еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының фототілшілері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен тәжірибе бөлісті.
ZEREN photo fest: кәсіби фототілшілер ЕҰУ студенттеріне шеберлік сабағын өткізді
Фото: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметінен алынды
111
оқылды

Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шеберлік сабағы жас журналистердің кәсіби қабілетін шыңдап, фотоөнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік берді.

Осылайша, табиғаты көркем Зеренді өңірі бұл жолы да фотоөнер мен журналистика өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Төртінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі ZEREN photo fest фестивалі кәсіби фототілшілер мен болашақ журналистердің жүздесіп, тәжірибе алмасатын шығармашылық алаңына айналды. Фестивальді ЕҰУ Ақпарат орталығы мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахай, National Geographic Kazakhstan журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров, ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев, Қазақ радиосының бас редакторы Алмас Байдрахман, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Ғабит Ұзақбай, ЕҰУ ректорының кеңесшісі Ғалымжан Мелдеш, университет Ақпарат орталығының басшысы Ербол Ерденбек, оқытушылар мен студенттер қатысты.

 

Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы жобаның жыл сайын мазмұндық тұрғыдан толығып, ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. 

«Дәстүрлі  ZEREN photo fest  – студенттер үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, ал кәсіби фототілшілер үшін өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгінде фестиваль фотография мен журналистика саласының өкілдерін бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, Зеренді өңірінің табиғи сұлулығын, туған жердің қадір-қасиетін, еліміздің бай мәдениеті мен ұлттық рухын фотоөнер мен көркемсөз арқылы кеңінен насихаттайтын маңызды мәдени бастамаға айналып келеді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің жыл сайын мазмұндық тұрғыдан толығып, ауқымы кеңейіп келе жатқаны – жобаның өзіндік дәстүрі қалыптасып, жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдайтын шығармашылық мектепке айналғанының айқын дәлелі», – деді проректор.

Фестиваль аясындағы шеберлік сабақтарында тәжірибелі фототілшілер студенттерге кәсіби жұмыстың қыр-сырын түсіндіріп, кадр таңдаудың, сәтті ракурс табудың, композиция құрудың және оқиғаның мәнін бір сурет арқылы жеткізудің жолдарын көрсетті. Кәсіби мамандардың кеңесі жас журналистерге фотографияның техникалық дағдылармен ғана шектелмейтінін, оның адам көңіл күйін, табиғат сұлулығын және өмірдің қайталанбас сәттерін бейнелейтін өнер екенін ұғынуға көмектесті.

ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахай да фотоөнердің уақыт пен сәтті сақтап қалатын айрықша қасиетіне тоқталды. Ол фестивальге арнайы келген фотографтар мен журналистерге, қонақтар мен ұйымдастырушыларға және шараның өтуіне үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қатысушыларға шығармашылық шабыт пен жаңа идеялар тіледі.

«Фото – бір сәтті ғана бейнелейтін өнер емес. Ол – уақытты тоқтатып, адамның көңіл күйін, табиғаттың сұлулығын, өмірдің қайталанбас сәттерін сақтап қалатын ерекше өнер. Осы фестивальге арнайы ат ізін салып келген фотографтарға, журналистерге, қонақтарға, ұйымдастырушыларға және осы шараның өтуіне үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін және оларға шығармашылық шабыт, жаңа идеялар, есте қаларлық кадрлар тілеймін!», –  деді ҚР Премьер-министрінің фотографы Шүкір Шахай.

Шеберлік сабақтарынан кейін студенттер тәлімгерлерінің жетекшілігімен түсірген фотосуреттерін ұсынды. Қатысушылар Зерендінің табиғатын, таңғы шықты, орман көріністерін және қоршаған ортаның әсем сәттерін кадрға түсіріп, өздерінің шығармашылық ізденістерін көрсетті. Байқау жұмыстары бірнеше жанр мен номинация бойынша бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев пен оның шәкірті, ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 1-курс студенті Ақнұр Ербатыр Бас жүлдені иеленді. Бірінші орын «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт пен оның шәкірті Елдана Сәкенқызына бұйырды. Екінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров пен оның шәкірті Әдемай Текебасоваға берілді. Үшінші орынды Ұлттық ұланның фототілшісі Бақытжан Батырханұлы мен Нұрай Тілек иеленді.

Бас жүлдегер Ақнұр Ербатыр үшін фестиваль кәсіби білімін жетілдіріп, жаңа тәжірибе жинақтауға жол ашқан маңызды шығармашылық алаң болды. Ол тәлімгері Талғат Таныбаевпен бірге таңғы шықты түсіріп, тауға көтеріліп, орманның көркем көріністерін фотоға басқанын айтты. Студенттің пікірінше, кәсіби фототілшінің тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс істеу фотографияға деген қызығушылығын арттырып, болашақ шығармашылық жұмыстарына тың серпін берген. Ақнұр Ербатыр «Үздік пейзаж» номинациясы бойынша да жоғары бағаланды.

Фестиваль аясында өзге де қатысушылар түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылды. «Үздік ракурс» номинациясында «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт пен шәкірті Елдана Сәкенқызы жеңіске жетті. «Үздік фотопортрет» аталымында ҚР Ұлттық ұланының фототілшісі Бақытжан Батырханұлы мен Нұрай Тілек үздік шықты. «Үздік фоторепортаж» номинациясында «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаров пен оның шәкірттері Шапағат Батырғали және Әдемай Текебасова марапатталды.

Ал «Үздік фототілші» аталымында ҚР Қорғаныс министрлігінің фототілшісі Ермек Сарыбасов пен оның шәкірті Сезім Ұланқызы, «Үздік композиция» номинациясында  National Geographic Kazakhstan  журналының фототілшісі Ерболат Шадрахов пен шәкірті Қания Жәнәбіл, «Үздік естелік фото» аталымында Kazinform  халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Ағыбай Аяпбергенов пен шәкірті Мадина Ізекенова жеңімпаз атанды.

Фестивальге екінші жыл қатарынан қатысып келе жатқан ҚР Құрылтайының фототілшісі Талғат Таныбаев студенттердің белсенділігі мен фотографияға деген қызығушылығын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, Шүкір Шахай мен Ерболат Шадраховтың шеберлік сабақтарына қатысқан жастардың әсері мен шығармашылық ынтасы қуантқан. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, фестивальдің алдағы уақытта да жалғасын тауып, дами беруіне тілектестігін білдірді.

ZEREN photo fest фестивалі аясындағы шеберлік сабағы тәжірибелі фототілшілер мен болашақ журналистердің басын қосып қана қоймай, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына ықпал етті. ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл бастама университеттің білім мен тәжірибені ұштастыруға, студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстарын толықтыра түсті. Ал Зерендінің көркем табиғаты мен кәсіби мамандардың тәлімі жас фототілшілерге жаңа идеялар мен тың ізденістерге жол ашты.

Фестиваль жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.