Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңір шаруаларын қолдауда айрықша рөл атқарып отыр. Қаржылай қолдау алған кәсіпорындар маусымға алдын ала дайындалып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алып келеді. Пресс-тур барысында журналистер «Кең дала 2» бағдарламасы аясында несие алған екі шаруашылықтың жұмысымен танысып, мемлекеттік қолдаудың өндірістегі нақты нәтижесіне көз жеткізді.
Аграрлық қолдау – ауыл шаруашылығын дамытудың берік негізі
436
оқылды

Абай облысы бойынша корпорация филиалы 2022 жылғы 13 қазанда жұмысын бастаған. Содан бері өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 40 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталған. 

Филиал директоры Берік Нұрмағамбетовтің айтуынша, биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына арналған «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 199 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 13,7 миллиард теңге берілген. Қаржыландырумен қамтылған егіс алқаптарының көлемі шамамен 130,8 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткішке ерте қаржыландыру да кіреді.

Өткен жылмен салыстырғанда қолдау алған шаруашылықтар саны 16 пайызға, қаржыландыру көлемі 52 пайызға, ал егіс алқаптарының көлемі 30 пайызға артқан.

«Бұл көрсеткіштер бағдарламаның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қаржыландырудың уақытылы берілуі көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізуге, егін жинау науқанын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге және жалпы ауыл шаруашылығы маусымын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді», - дейді Берік Нұрмағамбетов. 

 

Қаржыландырудың өндірістегі нәтижесін «BA AgroGroup» ЖШС мысалынан көруге болады. Бесқарағай өңірінде жұмыс істейтін шаруашылықтың егіс алқабы 40 мың гектарға жетеді. Мұнда күнбағыс, бидай және күздік қара бидай өсіріледі.

«Біз Аграрлық несие корпорациясымен жылда жұмыс істейміз. Қаржыны уақытында береді, филиалда өз қызметтерін жақсы білетін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Барлық процесс жылдам жасалады. Несие рәсімдегенде көп уақыт жоғалтпаймыз. Корпорацияның ерте қаржыландыру механизмі бізге өте қолайлы. Тұқымды, тыңайтқыштарды, дизель отынын қыс мезгілінде арзан бағаға сатып алып қоямыз.  Осы корпорацияның қаржылай қолдауының арқасында егінімізді уақытында егіп, жұмысымызды жүйелі жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта суармалы егіс алқабын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір 1 200 гектар суармалы егістігіміз бар. Жыл сайын 400 гектар суармалы жерді айналымға қоспақшымыз», - деді «BA AgroGroup» ЖШС директоры Талгат Аубакиров. 

 

Өңірдегі тағы бір шаруашылық – «АФ Приречное» ЖШС. Жаңасемей ауданында, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан агрофирма егіншілікпен қатар асылтұқымды мал өсірумен айналысады. 

«Негізгі екі бағытымыз бар: өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. Мал шаруашылығы бойынша екі тұқымнан – қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарынан асылтұқымды мал өсіру бағытындағы репродуктор мәртебесіне иеміз. Ал өсімдік шаруашылығында негізінен мал азығын және көкөніс өнімдерін өндіреміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен тұрақтандыру қоры бойынша келісімшартымыз бар. Соған сәйкес Семей қаласы мен оған жақын аудандарды көкөніс өнімдерімен тікелей қамтамасыз етеміз, – дейді Қанат Әлмұхамедов. 

Агрофирма Абай облысында қалыптасып келе жатқан ет кластерінің құрамына енген. Кәсіпорын Шақарман ауылында салынған ет комбинатымен серіктестік туралы келісімшарт жасасқан. Сонымен қатар агрофирмаға жақын маңда бір мезгілде 5 мың бас ірі қара ұстауға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. 

Бұл өндірістік тізбекте асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтың орны ерекше. Мұнда өсірілген бұзаулар мен жас бұқалар кейін бордақылауға жіберіліп, одан әрі ет комбинатына өткізуге дайындалады. 

Ет кластерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін мал басын көбейтумен қатар, оны қажетті жемшөппен қамтамасыз ету де маңызды. Агрофирманың жалпы егістік жер көлемі шамамен 3 мың гектарды құрайды. Оның 1 800 гектары – суармалы алқап. 100 гектарға жуық жерде көкөніс өсіріледі. Ал суармалы жерлердің негізгі бөлігі жүгеріге бөлінген. Одан сүрлем және басқа да мал азығы дайындалады. Сонымен қатар шаруашылық көпжылдық жоңышқа мен судан шөбін егеді. 

Алдағы уақытта кәсіпорын мал азығын өндіру мүмкіндігін кеңейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта Мұздыбай бөлімшесіндегі 845 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру жобасын жүзеге асыру жоспарланған. 

Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шаруашылықта өнім жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сүрлемге арналған 13,5 мың тонна жүгері өндіріліп, жоңышқа мен судан шөбінен шамамен 5 мың тонна пішендеме дайындалған. Жүгерінің он буданы сынақтан өткізіліп, олардың өнімділігі салыстырылған.

Агрофирма келесі жылға қажетті тұқымдық картоп қорын да өз күшімен қамтамасыз еткен. Нидерландтан әкелінген элиталық тұқым көбейтіліп, ішкі қажеттілікке пайдаланылып отыр.

Өнімді жинаумен қатар, оны сақтау да маңызды. Агрофирмада жалпы сыйымдылығы 12 мың тонна болатын жеті қойма бар. Оның бірі голландиялық технологиямен жабдықталған және 4 мың тонна өнім сақтауға арналған.

Пресс-тур барысында танысқан екі шаруашылықтың тәжірибесі аграрлық саланы қаржыландырудың маңызын айқын аңғартты. Бір кәсіпорын кең алқаптарда егін егіп, техника паркін тиімді пайдаланып, өндіріс ауқымын арттыруға ұмтылса, екіншісі өсімдік және мал шаруашылығын ұштастырып, ет кластеріне қажетті өндірістік негіз қалыптастыруда. 

Шаруаларды қолдау – жеке кәсіпорындардың дамуына ғана емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдағы жұмыспен қамтуға және жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, Абай облысы