Заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі көзделген.
Pinduoduo және Claude Қазақстан бюджетіне 8 миллиард теңге төледі
187
оқылды

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істейтін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд. теңге (15,1 млн АҚШ доллары) аударды.

Сонымен қатар, Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салықтық кезеңдер үшін 1,2 млрд. теңге (шамамен 2,6 млн АҚШ доллары) төледі. Компания камералдық бақылау нәтижелері бойынша жолданған хабарламаларды орындады.

Заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі көзделген.

Осыған байланысты Комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау хабарламасын жолдады. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді.

Farfetch — киім, аяқкиім және аксессуарлар, оның ішінде танымал брендтердің тауарлары сатылатын халықаралық онлайн-платформа.

Комитет мұндай шаралар тиісті талаптар қолданылатын және Қазақстан бюджеті алдындағы салықтық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен қолданылатынын атап өтеді.