Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары
134
оқылды

Мемлекет басшысы салтанатты жиын­ға қатысушыларды Құтқарушы кү­німен құттықтап, төтенше жағдай са­ласының қызметшілеріне риза­шылығын білдірді.

– «Құтқарушы» сөзінің мағына-сы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әр­дайым игі іс жасаумен, жақсылық іс­теумен бай­­­ланысты ұғым. Адам өмі­ріне араша түсу, аза­маттарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын ба­сып, жұ­бату сөз айту – осының бәрі де на­ғыз құтқарушының бойынан т­абы­ла­тын асыл қасиеттер. Сондықтан хал­­­қымыз сіздерді, яғни еліміздің бар­ша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құт­қару­шы болу көптің алғысына бөлей­тін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорға­ныс саласында адал еңбек ету бәрінің қо­лынан келе бермейтін шаруа еке­нін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қай­сар, ширақ әрі өжет болу – өз ал­дына өте маңызды талап екені дау­сыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат жә­не білікті маман болуға тиіс. Осын­дай күрделі жұмысты рухы мық­ты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адам­дар ғана таң­дай­ды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері еш­қандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен на­ғыз кәсіби мамандар деп есептей­тінін айтты.

– Құтқарушылардың еңбегі қа­шан­­да еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби мін­дет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Тө­тенше жағдайға түскен адамдарға жәр­дем беріп, оларды қиындықтан құт­­қару үшін қажымай қызмет ете­сіз­дер. Құтқарушылар кез келген тө­­тенше жағдайда бірінші болып кө­мекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батыр­лық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоға­мы­мыз­дың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Прези­дент.

Мемлекет басшысы қазір еліміз түбе­гейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қо­ғамның барлық саласында ауқымды ре­формалар жүзеге асырылғанына тоқ­талды.

– Еліміздің басты мақсаты да, мін­деттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ын­тымағы мықты, бірлігі бекем, Әді­летті, Озық, Күшті және Таза Қазақ­станды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Консти­туциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қор­ғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ұлтымыз­дың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаң­ғырды.

– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен еге­мендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бос­тандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материал­дық-техникалық әлеуетті нығайту маңыз­ды екеніне назар аударды.

– Кейінгі бес жылда құтқарушы­ларымыз 75 мыңнан астам жедел шақыр­ту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интел­лектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуал­дық орталығы азаматтық қорғаныс жү­йе­сін басқаруға арналған маңызды құ­рылымға айналды. Соның арқасында тұ­рақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұ­мысы оң нәтиже бере бастады, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы өндіріс орын­дарын­дағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мә­селесіне ерекше назар аударылып жат­қанын тілге тиек етті.

– Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік сала­сына цифрлық технологиялар мен ин­новациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөн­діру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңі­нен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқару­шыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы маман­дарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдай­да еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі кезде құтқару­шылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез кел­ген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.

– Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғаб­дуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызмет­керлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибе­лерді қолданып, күрделі құтқару опе­рацияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мек­тебінің озық дәстүрлерін нығайта оты­рып, ұрпақтар арасындағы сабақтас­тықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жер­лерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қор­ғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарас­тырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкер­шілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ре­тінде атады.

– Дегенмен апатқа көбіне адам­дардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұ­мысты тиянақты орындаса, апаттар­дың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің нем­құрайдылығы мен салғырттығының сал­дары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіп­сіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азамат­тар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құнды­лықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауап­кер­шілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қал­дырмайды, оларға лайықты құрмет көр­сетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әр­дайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жат­қанын айтты.

– Жұртымыз құтқарушылардың қа­жырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауыл­дық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфра­құрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыс­тады.