Бұл – 2021 жылы Saran индустриялық аймағы іске қосылып, табысты жұмыс істеп, бірқатар ірі жобаның іске асуының нәтижесі. Бүгінде Саран кейсіне республикада қызығушылық жоғары, қазір қаланың өнеркәсіптік қуаты сенімді түрде артып келеді.
Осы уақытқа дейін қалада салынған жаңа зауыттар арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта бұлардың саны көбейе түспек. Мәселен, жаңа кәсіпорындардың ашылуы нәтижесінде 3,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Бұл индустриялық аймақ қаланың да гүлденуіне жол ашып отыр.
Қарағанды облысында Саран қаласы индустриялық дамуын қарқынды жалғастырып келеді: мұнда жыл сайын 3-4 жаңа жоба іске асырылады. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, оның басым бөлігін өңдеу өнеркәсібінің өнімі құрайды. Биыл инвестиция көлемі 156,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайырдың пікірінше, бұл үдеріс Үкімет қолдауымен және бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асқан.
– Өсімнің негізгі драйвері – индустриялық аймақ. Мұнда жалпы құны 346 млрд теңгеден асатын 8 ірі жоба іске асырылды. Толық қуатқа шыққан кезде олар шамамен 4 мың жұмыс орнын құрады. Қазір 2300 адам жұмыспен қамтылды, – дейді ол.
Қаланың бас жобасы бойынша 2026 жылы жалпы құны 107,7 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Олар: полиэтилен құбырлары мен фитингтер өндірісінің екінші кезеңі, жеңіл автокөліктер шығару, жылу оқшаулағыш материалдар өндіру және HOWO маркалы жүк көліктерін құрастыру.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес те дамып келеді: Саранда 2800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сауда және қызмет көрсету салаларында жаңа жобалар іске асырылып, кәсіпкерлерге гранттар мен субсидиялар берілуде.
– Мемлекет басшысы тың тәсілдерді іздеу және моноқалаларда жаңа салаларды дамыту міндетін қойды. Үкіметтің қолдауымен Саран индустриалды аймағы құрылды. Бұл қала экономикасын әртараптандыруға септігін тигізді. Бүгінде Саран моноқала емес. Шаһар Қарағандының халық саны күн санап өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұранысы ұлғайған, заманауи инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік энергиясы бар өнеркәсіптік серіктесіне айналды, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде Саран қаласында коммуналдық сала да, әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі түрде дамып келеді. Жүздеген көпқабатты тұрғын үйді, ондаған әлеуметтік нысанды орталық қазандықтан үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отыр. IT-орталықтар, спорт алаңдары және жастарға арналған орындар ашыла бастады. Осы атқарылып жатқан ілкімді істерге қарап, Саранды болашақтың қаласы деп атай аламыз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
