Коронавирус дерті өршіп тұр. Адамзаттың жаңа індеттен сақтануға қауқары жетпей жатқан секілді. Бұл дерт әлемнің көптеген еліне тарап кетті. Әлем медицинасы адамзатты сақтау жолында күресіп жатыр. Адамдар да өз өмірін сақтап қалу үшін жанталасуда.
Коронавирус дерті қазақ елін айналып өтпеді. Қазақстанның екі бірдей қаласы карантинге жабылды. Өңірлердегі ахуал тұрақты болмай тұр. Шымкенттегі қауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды. Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында қауіпсіздік шаралары күшейген. Қазақстандықтардың өмірін сақтау үшін медицина қызметкерлері де аянбай еңбек етуде. Дәрігерлер жиі ескертіп жатқан дүниенің бірі – тазалық. Ең алдымен, қолды жиі сабындау жуу керегін әрі маска тағыну қажет екенін жиі айтады. Алайда жұртшылық масқа жетіспеушілігіне алаңдаулы. Өңірлерді айтпағанның өзінде ірі қалаларда да маска қоры аз. «Маска тапшылығын халықтың өзі тудырды. Шын мәнінде, масканы ауырған адам өзгелерге жұқтырмас үшін тағуы тиіс болатын» деген пікірлер де кездеседі. Нұр-Сұлтанның өзінде көп дәріханалардан маска табу мүмкін емес.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Біздің өзіміздің маска өндірушілеріміз бар. Былтыр масканың 80 пайызы өзімізде дайындалса, 20 пайызы – импортталған өнімдер. Биылғы қалыптасқан жағдай, елдер арасындағы тауар мен шикізат айналымына тыйым салыну, әрине ішкі нарық пен өндіріске әсер етті. Дегенмен қазір бұл мәселе шешімін тапты. Арнайы жедел штаб біздің өндірушілермен күнделікті режимде жұмыс істеп жатыр. Штаб маскалардың медициналық ұйымдар мен нарық үшін өндірілуін реттейді» деген болатын. Алайда министр шешімін тапты дегенімен, масканың жыры әлі де сол баяғы күйінде тұр.
Шешімі жоқ мәселе. Маска жетіспеушілігі бір бөлек те, қолданылған масканың жыры бір бөлек. Кей масканың қолдану ұзақтығы – 2-3 сағат, кейбірі 12 сағат қолдануға жарамды. Жарамсыз маскалар қайда кетіп жатыр? Қоқыс жәшігіне салынса жарады, кей маскалар көшенің кез келген бұрышында шашылып жатыр. «Қолданылған маскаларды қайта сатып жүрген алыпсатарлар бар екен» деген әңгімелерді де ауық-ауық естіп қаламыз. Алыпсатар демекші, маска жетіспеушілігінің бір ұшы осында жатқан секілді. Әу баста масканың дені алыпсатарлардың қолына өтіп кеткен еді. Олар 15-20 теңгенің маскасын 300 теңгеге дейін апарған. Кейін Үкімет маска нарығын қайта реттеп, алыпсатарлардың жолын кесті. Тіпті, кей өңірлерде қыруар масканы заңсыз сатып алғандар да әшкере болған еді. Соның өзінде бетперде жетіспеушілігі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Дені сау адамдарға маска тағудың да қажеті бар ма? Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев «Өкінішке қарай, медициналық масканы барлық адам жаппай сатып алып жатыр. Әлем мамандары, АҚШ-тың басты эпидемиологы тек жіті респираторлық вирус ауруын жұқтырғандар ғана киюі керек екенін айтып жүр. Яғни, тұмау секілді ауа-тамшы жолымен жұғатын ауру белгілері байқалған адам вирусты таратпау үшін маска киюі қажет. Сау адамдардың маска киюі міндетті емес» дейді.
Әлемде қалай? Гонконг, Сеул немесе Токиода маскасыз жүрсеңіз, сізге біртүрлі «жақтырмай» қарауы мүмкін. Ұлыбритания, АҚШ, Мәскеу, Сидней мен Сингапурда көше бойымен ашық жүру әлі де қолайлы. Коронавирус індеті басталған кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тек екі санатта: ауру белгісі бар адамдарға және онымен байланыста болған жандарға ғана маска кию қажет екенін айтқан еді. Оның үстіне, ол вирустан қорғайтын сенімді қорғаныс емес. Дәрігерлер қолды сабынмен жиі жуу әлдеқайда тиімді екенін айтады. Әйтсе де, Азияның кейбір елдерінде маскалар міндетті түрде кигізіледі. Мұның басты себебі, өзін және басқаларды қорғаудың қауіпсіз әдісі ретінде қарастырылған.
Қытай, Гонконг, Жапония, Таиланд және Тайваньда сау адамның өзі вирусты тасымалдаушы бола алады деп болжайды. Сондықтан ізгіліктің белгісі ретінде маска киген адам басқаларды да инфекциядан сақтайды деп түсінеді. Кей елдердің билігі барлығын бетперде киюге міндеттейді. Тіпті, Қытайдың кей аймағында маскасыз жүрген адамдарды қамауға алуы немесе айыппұл салуы мүмкін. Ал Индонезия мен Филиппиннің үлкен қалаларында инфекция тіркелмесе де, адамдар өздерін қорғау үшін маска кие бастады. Маскаларды көптеп пайдалану коронавирустың қауіпті екенін ғана еске түсіретін нәрсе емес, тіпті жеке гигиенаны сақтаудың бір түрі болып саналады.
«Үйден шықпай тұрып, күн сайын бетперде кию – бұл салт, яғни шапан киюдің бір түрі секілді. Кез келген рәсімді орындау кезінде адам осы ерекше форманы бейнелейтін ережелерді ұстану қажет екенін сезінеді: гигиена ережелерін сақтаңыз, адамдар көп жүретін жерлерден аулақ жүріңіз және қашықтықты ұстаныңыз деген секілді», – дейді Гонконг ғылым және технологиялар университетінің мінез-құлық экономикасының профессоры Дональд Лоу.
Ал Гонконг университетінің эпидемиологы Бенджамин Каулингтің айтуынша, «маскалар тиімсіз деп айта алмаймыз. Өйткені ол қандай да бір қорғанысты қамтамасыз етеді. Сол себепті де медицина қызметкерлеріне береміз», – дейді.
Бір қызығы, маска жетіспейтін елдер де баршылық. Мәселен, Жапония, Индонезия және Таиланд елдерінде тапшы болса, Оңтүстік Корея оны сыртқа шығаруға немесе сатуға шектеу қойды. Сондай-ақ бір реттік маскаларды қайта пайдаланып жүргендер де табылады. Тіпті, қара базардан сатып алатындар мен сапасыз, пайдасыз бетпердені киетіндер де жеткілікті.
Деректерге қарағанда, Лондон көшелерінде де жаппай маска кигендерді кездестірмейді екенсіз. Арасында бетпердесіз жүргендер де табылады. Әуелде бейғамдық танытқандар көп болыпты. Соңғы күндері карантин басталып, қауіпсіздік шаралары күшейгеннен кейін ғана жаппай маскаға бет бұра бастады. Адамдар көп шоғырланатын жерлерден қашып, оқшаулануға тура келді. Маска демекші, Лондон дәріханаларында да оның тапшылығы байқала бастады. Тіпті, бағасы да күрт қымбаттап кеткен. Сол себепті де маскасыз жүргендердің қарасы азаймаған. Мәскеу де әзірге Лондонның күйін кешіп тұр. Онда да маскасыз жүргендер жетерлік. Оны дәріханалардан табу мүмкін емес, әрі бағасы да қымбат. Демек, бұл – Қазақстан ғана емес, әлемнің кейбір елдері де маска тапшылығын сезіне бастады деген сөз.
P.S.
«Жұп-жұқа, биттің қабығындай дүние қорғаныс бола алмайды» дейтіндер де табылар. Дегенмен қазақта «сақтансаң – сақтайды» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Мейлінше сақтану шараларын қолдансақ, қауіптің бетін сейілтер едік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» дұрыс-ақ.
Гүлзина БЕКТАС