Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бірден тайып тұрған жүргізуші бірнеше сағат ішінде ұсталды. Жол апатынан 48 жастағы ер адам оқиға орнында тіл тартпастан көз жұмған. Қазір полиция қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Суыт оқиға 19 қазанда Тәшенов көшесінде болған. Полицияның мәліметінше, Volkswagen Vento автокөлігінің жүргізушісі жарықтандырылған жол учаскесінде 48 жастағы ер адамды қағып кеткен. Алған жарақаттарынан жаяу жүргінші сол жерде қайтыс болған. Алайда жүргізуші оқиға орнында қалмай, апат туралы шұғыл қызметтерге хабар берместен әрі зардап шеккен адамға көмек көрсетпестен бой тасалаған.
– Оқиғадан кейін Көкшетау қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы мен облыс орталығының маңында қызмет атқаратын патрульдік экипаждар күдіктіні іздеуге жұмылдырылды. Криминалдық полиция мен патрульдік полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүргізушінің жүрген жері анықталып, ол бірнеше сағат ішінде ұсталды, – дейді Ақмола облысы Плиция департаментінен.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері апаттың барлық мән-жайын анықтауда.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
