Қатысушыларға жеті бағыттың бірін таңдап, 330 шығарманы қамтитын ұсынылған тізімнен 15 кітап оқу ұсынылады. Кітаптар тізімі қазақ және орыс тілдерінде жасақталған. 
Скроллингтен кітап оқуға: алматылық кітапханашылар «Кітап оқитын ұлт» жобасы туралы айтты
184
оқылды

Цифрлық технологиялар дәуірінде ақпараттың басым бөлігін әлеуметтік желілерден алатын заманда кітап оқу ойлау қабілетін, есте сақтау мен дүниетанымды дамытудың маңызды құралы болып қала береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы негізінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттап, ел тұрғындарының кітапқа деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыру.

Кітаптың адам өміріндегі рөлі және жобаның оқырмандардың кітап оқу әдеттерін қалай өзгертіп жатқаны туралы Алматы қаласының кітапхана қауымдастығы өкілдері мен марафонға қатысушылардың бірі әңгімелеп берді.

Кітапхана қызметкері Ғалиябану Әуелбекованың айтуынша, бұлшық етті шынықтырғандай миды да жаттықтыру керек. Кітап оқу миды дамытуға, ойлануға және ақпаратты талдап, қорытуға көмектеседі. 

«Цифрлық технология қарыштап дамыған заманда біз ақпараттың көбін смартфоннан аламыз, ал кітап оқу арқылы біз өзімізді терең ойлауға, зерделеуге, оқыған кітабымызды талдауға үлкен әсер етеді. Қазіргі дамыған заманда біз цифрлық технологияны да, дәстүрлі кітап оқуды да екіжақты бірдей ұстауымыз керек», - деп атап өтті ол. 

Мақпал Ибадулла есімді студент үшін «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысу тек жаңа кітаптармен танысу ғана емес, сондай-ақ күнделікті әдеттерін өзгертуге мүмкіндік берген. Оның айтуынша, кітапты тұрақты оқу оған өзін-өзі тәртіпке үйретуге, күнделікті істерін жоспарлауға және жүйелі ойлауға көмектескен.

«Кітап оқып жүріп мен дисциплинаны қалыптастырдым. Алға қарай жоспар қоюды үйрендім және әдетке айналды. Сөздік қорым байыды деп айтсам да болады, қазір сөйлеп тұрғанымның өзі осы кітап оқып жүргенімнің арқасы. Сонымен қатар асықпай, жүйелі түрде ойлауды да қалыптастырдым», - дейді студент. 

М.Әуезов атындағы кітапхананың жетекшісі Балнұр Қыдырбаеваның айтуынша, республикалық марафон әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелерін кітап оқуға тарту мақсатында жеті бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зиялы».

Қатысушыларға жеті бағыттың бірін таңдап, 330 шығарманы қамтитын ұсынылған тізімнен 15 кітап оқу ұсынылады. Кітаптар тізімі қазақ және орыс тілдерінде жасақталған. Бұл оқырмандарға өздеріне ыңғайлы тілде әдебиет таңдауға мүмкіндік береді.

Балнұр Қыдырбаеваның айтуынша, Алматы қаласында марафонға деген қызығушылық жоғары. Оқырмандар кітапханаға келіп, ұсынылған тізімнен кітаптарды таңдап, жобаға қосылушылар қатары көбейіп келеді. Жобаның стратегиялық мақсаты – болашақта Қазақстанды кітап оқитын елдердің қатарына қосу.

«Кітап оқитын адам рухани бай, өзінің ой-пікірі, сыни ойы барлық жағынан қалыптасып дамыған және өзінің көзқарасы бар толық адам деп санаймын», - дейді кітапхана жетекшісі. 

«Кітап оқитын ұлт» жобасы кітаптың жай ғана ақпарат көзі емес, адамның дамуына, қоршаған ортаны жақсырақ түсінуіне және өз ойын сенімді жеткізуіне көмектесетін күнделікті әдетке айнала алатынын еске салады.