Шымкенттегі «Восток» шағынауданындағы бес қабатты үйдің пәтерінен екі баланың мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Балалардың бірі – 4 жастағы ұл, екіншісі – 15 жастағы қыз. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.
Оқиға туралы 19 қазанда белгілі болды. Балалардың өліміне қатысты жағдайды құзырлы органдар анықтап жатыр.
Бастапқыда газдан болуы мүмкін деген болжам жасалды. Дегенмен оқиға орнына келген төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері пәтерден газ иісін анықтамаған.
«Біздің төтенше жағдайларға жауап беру тобымыз тексеру жүргізді. Көміртегі тотығының концентрациясы анықталған жоқ. Қорытынды тек тексерулер мен тергеу аяқталғаннан кейін ғана жасалуы мүмкін», - деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ.
Оқиғаның себебі әлі анықталған жоқ.
Бұған дейін, осы жылдың ақпан айында «Восток» шағын ауданында тағы бір қайғылы оқиға болды. Салдарынан үш адам қаза тапты. Мәйіттерден ешқандай қылмыс белгілері табылмады, газдан уланған деген болжам жасалды.
