Кездесуде Қазақстанның ICAO-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері туралы айтылды.
Олжас Бектенов мен ИКАО басшысы азаматтық авиация саласындағы серіктестікті талқылады
115
оқылды

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға Авиациялық қауіпсіздік-2026 апталығына қатысу үшін келген Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесті. Бұл – ICAO Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне алғашқы ресми сапары, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесуде Қазақстанның ICAO-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ елімізде экономиканың барлық басым салаларында тұрақты прогресті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды реформаларға назар аударылды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтар қалыптастыруға және елдің транзиттік рөлін нығайтуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. ICAO-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие.

Хуан Карлос Салазар еліміздің авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктерін жоғары бағалады. Қазақстан ICAO авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша 95,7% көрсеткішімен топ-20 мемлекеттің қатарына кіреді. ICAO Бас хатшысы Қазақстан әуежай және аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту және нығайту бойынша маңызды шешімдер қабылдап, еліміздің авиакомпаниялары әуе флотын жаңғыртып, халықаралық маршруттық желіні кеңейтіп жатқанын атап өтті. 

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуында оң серпін бар екеніне тоқталды. Соңғы бес жылда авиация саласының жалпы қызметі 6,5 есеге өсіп, $2,9 млрд-қа жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайлардағы жолаушылар ағыны 31,8 млн адамды құрады, халықаралық маршруттық желілер 161 бағытқа дейін көбейді.

Қол жеткізілген нәтижелер халықаралық стандарттарды дәйекті түрде енгізудің және қазақстандық мамандардың жоғары кәсібилігінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Саланың әлеуетін одан әрі ашу үшін Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытудың 2050 жылға дейінгі мастер-жоспарының (CAMP-2050) маңыздылығы атап өтілді. Құжат саланы жаңғырту, авиациялық хабтарды қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.

Кездесу қортындысында Олжас Бектенов пен Хуан Карлос Салазар қауіпсіздікті одан әрі күшейту және азаматтық авиацияның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен ICAO арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен күш-жігерді біріктіру ниеттерін растады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.