Қазақстанның Каспий теңізі жағалауынан бекіре тұқымдас 173 балықтың өлексесі табылды. Олардың жаппай қырылу себебі әзірге белгісіз. Мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы және Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өлекселер 20 қазанда сағат 11:00 шамасында Маңғыстау облысының Қарақия ауданында, «Саржа» аумағы мен Құмды аралының арасындағы жағалаудан анықталған. Балықтар бірлескен рейд барысында табылған.
Өлекселердің әбден кеуіп кетуіне байланысты мамандар зертханалық талдау үшін жұмсақ тіндерінен сынама ала алмаған. Сондықтан балықтардың қырылу себебін анықтау әзірге қиын болып отыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті шараларды ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылған. Балықтардың өлекселері белгіленген тәртіппен жиналып, тасымалданған. Ал Экология департаментінің мамандары теңіз суынан зертханалық талдауға сынама алған.
Инспекцияның хабарлауынша, бұған дейін де бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері теңіз толқынымен жағаға шығарылған жағдайлар болған. Қазір теңіздегі мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Маңғыстау облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
