Норвегия тәжірибесінде табиғатты пайдалану құқығы оны күтіп ұстау міндетімен қатар жүреді
Норвегияда қоқыстың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады – Еділ Жаңбыршин
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
197
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны қорғаумен ғана шектелмей, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Осы мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында талқыланды. Жиынға қатысушылар тазалықты күнделікті дағдыға айналдыру, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау туралы ойларын ортаға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қалдықты сұрыптау – мәдениеттің көрінісі

Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда шетел тәжірибесін ескеріп, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін дамыту маңызды.

«Норвегияда қоқысқа төгілген заттың 98 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Тамақ қалдықтары бөлек жиналады. Бұл елде балаларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды балабақшадан бастап үйретеді. Сана мәдениетін қалыптастыруға мемлекет 40 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ел бүгінде соның игілігін көріп отыр», – деді ол.

Оның пікірінше, тазалық мәдениетін орнықтыру үшін азаматтардың экологиялық санасын тәрбиелеумен қатар, қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жүйені дамыту қажет.

Тазалық күнделікті әдетке айналуға тиіс

Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай тазалықты сақтауға қолайлы жағдай жасау мен жауапты тұтыну дағдысын қалыптастырудың маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, Норвегия тәжірибесінде табиғатты пайдалану құқығы оны күтіп ұстау міндетімен қатар жүреді. Ал бос пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларды арнайы жүйе арқылы өткізіп, кепілақыны қайтаруға болады. Мұндай тетіктер азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

«Тазалық тұрақты дағдыға, одан әрі қоғамдық нормаға айналуы керек. Халықаралық тәжірибені өз жағдайымызға бейімдеп, нақты іске айналдыру айрықша маңызды. «Таза Қазақстанның» болашағы осы ортақ жауапкершілікке байланысты», – деді Бибігүл Жексенбай.

Қатысушылардың пікірінше, экологиялық мәдениет отбасындағы тәрбиеден басталып, білім беру ұйымдарында жалғаса отырып қоғамның ортақ ұстанымына айналуы қажет.