Отанға деген махаббаттың үлгісіндей болған ардагердің өмір жолы мен парасатқа толы сөздері жас сарбаздардың бойындағы жауапкершілік сезімі мен антқа адалдықты арттырады.
Ұлттық ұлан 90 жасқа толған ардагерді мерейтойымен құттықтады
83
оқылды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде әскер ардагері, отставкадағы майор Инсафитдин Гареевті 90 жылдық мерейтойымен салтанатты жағдайда құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Атаулы күнге орай оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтің атынан құттықтау хат табысталды.

Әскери бөлімнің қолбасшылығы ардагерге көп жылғы еңбегі, әскери борышына адалдығы және құқықтық тәртіп әскерінің дәстүрлерін сақтауға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Инсафитдин Шарафеевич бүгінде әскери бөлімнің өміріне белсенді араласып келеді, іс-шараларға тұрақты қатысады және жас әскери қызметшілермен өз тәжірибесiн бөліседі.

Ардагер өмірінде жеке құрамның әскери-патриоттық тәрбиесі ерекше орын алады. Ол Әскери ант қабылдау рәсімдеріне арнайы келіп, жас сарбаздарға үндеу жолдайды, оларға әскери борыштың, темірдей тәртіптің маңыздылығы және Отанға деген адалдық туралы өсиетін айтады.

Әскери қызметшілермен кездесу барысында мерейтой иесі жас ұрпаққа жауынгерлік жолдың жауапкершілігі, қызметтің қыр-сыры туралы естеліктерімен, өмірлік тәжірибесімен бөліседі.

Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, әскери қызметке құрметпен қарауды қалыптастырады және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының даңқты дәстүрлерін сақтауға ықпал етеді. Отанға деген махаббаттың үлгісіндей болған ардагердің өмір жолы мен парасатқа толы сөздері жас сарбаздардың бойындағы жауапкершілік сезімі мен антқа адалдықты арттырады.