Францияда болған жаппай тәртіпсіздіктер сақтандыру төлемдерінің мөлшері жағы­нан елдегі ең ірі оқиғалардың бірі болмақ.
Шырғалаң шығыны
108
оқылды

Қаржы сарапшыларының бағалауынша, сақтандырылған шығын көлемі 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. Financial Times сауалнама жүргізген брокерлер де шығын 1 млрд еуродан асатынын болжайды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың жазында болған тәртіпсіздіктерден келген 700-800 млн еуро шығыннан асып түсті.

Morningstar сарапшысы Маркос Альварестің айтуынша, жүздеген миллион еуро шығын әкелетін мұндай оқиғалар енді жыл сайын қайталануы мүмкін. Зорлық-зомбылықтың қысқа мерзімде кең таралуы мен инфляция шығыны көлемінің 2023 жылмен салыстырғанда жылдам өсуіне әсер еткен.

Францияның сауда министрі Серж Папеннің алдын ала бағалауынша, ел бойынша кемінде 3 мың кәсіпорынға шығын келген. Бастапқыда бейбіт өткен наразылықтар Париж, Марсель, Лимож және басқа қалаларда жаппай тәртіпсіздікке, тонау мен ғимарат өртеуге ұласқан. Сенбі күні шамамен 2 400 адам ұсталды.

Франция билігі тәртіпсіздіктерден келген шығынды өтеу үшін мемлекет кепілдігімен 4 млрд еуроға дейінгі міндетті сақтандыру жүйесін әзірлеп жатыр. Алайда Еурокомиссияның мақұлдауы қажет болғандықтан, жүйе әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан қазіргі шығынды жеке сақтандыру және қайта сақтандыру компаниялары өтейді.