Құжаттардың ережелерін депутаттарға Қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.
Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісім осы саладағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыру мақсатында жасалды. Құжат жедел ақпарат алмасуды және кеден ісіндегі ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісуді көздейді.
– Келісімді ратификациялау кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара іс-қимылының қосымша институционалдық тетігін қалыптастырады, – деп түсіндірді Мәди Такиев.
Министрдің дерегі бойынша, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында 11 өткізу пункті бар. Оның сегізі – автомобиль, үшеуі –теміржол өткізу пункті. Олардың бірқатарын жаңғырту нәтижесінде жүк, автомобиль көлігі мен жолаушыларды өткізу қуаты артты.
Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Бақтыбек Бибаев қосымша баяндамасында кеден қызметі өкілдіктерін өзара орналастырудың жаңа тетігі сауданы анағұрлым серпінді дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Биылғы сегіз айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 3,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артық. Мемлекет басшысының 2030 жылға дейін елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін алға қойғанын ескерсек, өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшу шекара маңындағы тиімді ынтымақтастық үшін бірыңғай байланыс арнасын қалыптастырады, – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, құжат тауарлардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге, әкімшілік және техникалық кедергілерді жоюға, іс-қимылдарды уақытылы үйлестіруге және шекарада туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашады.
Талқылау барысында депутаттар Қазақстанның кеден қызметі өкілдіктерінің санын арттыру жоспарына, артық бюрократиялық рәсімдерсіз кедендік кедергілерді жедел жою мүмкіндіктеріне, келісім қабылданғаннан кейін отандық кәсіпкерлер үшін ашылатын перспективаларға және басқа да мәселелерге қызығушылық танытты.
Қазақстан мен Пәкістан Үкіметтері арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісім кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, оларды тергеу және жолын кесу бойынша өзара көмек көрсетуге, экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күдік тудыратын декларациялар туралы ақпарат алмасуға, сондай-ақ құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
– Келісім есірткі құралдарының, прекурсорлардың, контрафактілік өнімдердің және басқа да тыйым салынған тауарлардың контрабандасына бірлесіп қарсы іс-қимыл жасаудың нормативтік негізін қалайды. Алдын ала ақпарат алма-су – трансшекаралық қылмысқа қарсы күрестегі аса маңызды факторлардың бірі, – деп атап өтті өзінің қосымша баяндамасында Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Бөріхан Нұрмұхамедов.
Депутат құжаттың тағы бір артықшылығы ретінде тауарлардың кедендік құны мен шығу тегі туралы ресми сұрау салу және ақпарат алмасу тетігін атады. Оның айтуынша, бұл – Пәкістанның кеден қызметінен растайтын құжаттарды жедел алуға мүмкіндік беретін тікелей әрі заңды құрал. Сонымен қатар қарастырылған тәуекелдерді талдау есебінен кедендік бақылаудың сапасы артады.
Баяндамашы мен жауапты тұлғаларға депутаттардың қойған сұрақтары Қазақстан мен Пәкістанның ақпараттық жүйелерін интеграциялау барысына, ақпарат беруден бас тарту негіздеріне, Пәкістан тарапының сұрау салуларын орындау кезінде ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау тетіктеріне, сондай-ақ өзара ақпарат алмасу барысында азаматтардың дербес деректерін қорғау кепілдіктеріне және басқа да мәселелерге қатысты болды.
Өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған Татьяна Савельеваның орнына «Әділет» партиясынан Гүлнәр Тойлыбаева Құрылтай депутаты болып сайланды. Ол Құрылтай депутатының антын қабылдап, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 12 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.
Отырыс қорытындысы бойынша екі ратификациялық құжатқа қатысты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Бақтыбек Бибаев (Өзбекстанмен келісім бойынша жұмыс тобының жетекшісі) және Бөріхан Нұрмұхамедов (Пәкістанмен келісім бойынша жұмыс тобының жетекшісі) жауап берді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
