Құрылтай отырысында депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына депутаттық сауал жол­дап, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жалақысын нормативтік реттеу туралы мәселе қозғады.
Педагог-ассистенттердің еңбегі нақтылануы қажет
118
оқылды

Депутаттың айтуынша, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеу тәртібін нақтылау қажет. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына көмектеседі. Сонымен қатар депутаттың мәлі­метінше, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген болса, оларға сабақ беретін ұстаздардың саны, яғни білім беру ұйымдарындағы педагог-ассистенттердің саны 6,5 мың адам.

– Бұл жай ғана статистика емес. Бұл мыңдаған баланың тағдыры мен болашағына деген ортақ жауапкершілік. Педагог-ассистент баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол – ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптас­тыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Алайда бүгінде педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік рет­теу мәселесі толық шешімін таппай отыр, – деді А. Балташева.

Қолданыстағы қағидаларда педагог-ассистенттердің лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарас­тырылған. Дегенмен депутат апта­лық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар депутат «Әділет» партиясының «Инклюзия: өзгелермен тең өмір сүріп, еңбек ету» бағдарламасында азаматтардың өзгелермен тең дәрежеде білім алуына, еңбек етуіне және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау көзделгенін айта келіп, «Әділет» фракциясы атынан Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше ұсын­ыс жолдады.

– Біріншіден, «Педагог мәрте­бесі туралы» заңның талаптарын ескере отырып, педагог-ассистент­тердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін және оны құқықтық тұрғыдан нақты бекіту мүмкіндігін қарастыруды, қаржылық негіздеме әзірлеуді ұсынамыз.

Екіншіден, баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу, құжаттама жүргізу сияқ­ты өзге кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін бел­гілеу қажет. Үшіншіден, педаг­ог-ассистенттердің еңбек жүк­темесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірың­ғай тәртібін қамтамасыз етуді ұсынамыз, – деді депутат.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ