Әлемдік деңгейдегі бұл іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл еліміздің ИКАО-мен халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан авиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын сақтау деңгейі бойынша әлемдегі жетекші 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Халықаралық талаптарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрайды.
Ашылу салтанатына Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.
«Азаматтық авиацияны дамыту халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды талап етеді. Біз халықаралық әуе бағыттарының желісін жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Авиация саласының болашағына сеніміміз зор. Қазіргі уақытта сала қарқынды даму кезеңінде: соңғы алты жылда алты есе өсім байқалды. Мемлекет саланы дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Барлық қатысушыға жемісті жұмыс, пайдалы пікірталастар және ICAO Aviation Security Week 2026 іс-шарасының табысты өтуін тілеймін», – деді Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев құттықтау сөзінде.
ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде авиациялық қауіпсіздіктің барлық деңгейін нығайтып, мемлекеттер әрбір рейстің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуі үшін барлау деректерімен және басқа да аса маңызды ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ететінін айтты.
Авиациялық қауіпсіздік апталығының алғашқы күні мемлекеттер мен серіктестердің жаһандық авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға қолдауын көрсететін серіктестік пен міндеттемелерді растау рәсімі өтті. Рәсім барысында Америка Құрама Штаттары ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Сонымен қатар ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойды.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы әлемнің 62 елінен келген авиациялық билік органдарының, реттеуші мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар қатарында Бразилия, Венгрия, Италия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, АҚШ, Таиланд, Франция, Эфиопия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
Үш күн бойы қатысушылар жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудың негізгі сын-қатерлері мен перспективаларын талқылайды. Атап айтқанда, сессияларда кейінгі 25 жылдағы әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесінің жай-күйі, электрондық коммерцияның қарқынды дамуы жағдайында әуе жүктері мен пошта тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қарулы қақтығыс аймақтарының үстінен және оларға жақын әуе кеңістігінде ұшуларды орындау мәселелері қарастырылады.
Іс-шара 22 қазанда «Астанадан жолдаулар» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталады. ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі еліміздің халықаралық авиациялық қоғамдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын және азаматтық авиацияның жаһандық қауіпсіздік жүйесін дамытуға қосып отырған үлесін айқындайды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
