Қазақтың әні мен күйі, жыры мен термесі тоғысатын «Біздің жәрмеңке» концерті ұлттық өнердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте танытпақ. Республика күніне арналған мерекелік кеште халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан музыкалық мұрасы кеңінен насихатталып, дәстүрлі өнердің сан қыры көрерменге ұсынылды.
Концертте қазақтың дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілдері Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібаева, Клара Төленбаева, Жаслан Кәрім, Толғанбай Сембаев, Перизат Омарбекова және өзге де өнерпаздар сахна төріне шықты. Кеш тізгінін Жасұлан Наурызбайұлы мен Ерлан Рысқали ұстайды. Өнер кешінде ел жадында сақталған, халықтың рухани қазынасына айналған таңдаулы туындылар шырқалды. Атап айтқанда, «Қанекей, тілім, сөйлеші», «Інжу-маржан», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Аққу», «Көкаршын», «Сегіз аяқ», «Сандуғаш», «Сарыжайлау» секілді шығармалар орындалады. Ән мен күйге жыр-терме, желдірме және ұлттық би өнері ұласып, мерекелік бағдарламаның мазмұнын байыта түсті. Өнерпаздарға Қазақ мемлекеттік «Астана сазы» фольклорлық ансамблі сүйемелдеді.
Көрерменді ерекше әсерге бөлеген қойылымдардың бірі – төрт өнерпаздың басын қосатын «Тенорлар шеруі». Ал кеш соңында барлық қатысушы «Сәлем, Қазақстан» әнін бірге шырқап, мерекелік концертті қорытындылады.
«Біздің жәрмеңке» – ұлттық өнердің өміршеңдігін танытып, төл мәдениетіміздің терең тамырына үңілдіретін рухани мәдени кеш. Ән мен күй арқылы елдік рухты асқақтатып, туған жерге деген сүйіспеншілікті ұлықтайтын бұл кештің Республика күні қарсаңында өтуінің де өзіндік мәні бар. Ал республика күніне арналған дөңгелек үстелде ел тарихы мен ұлттық құндылықтар талқыланды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
