Сол сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Тараптар екі ел қарым-қатынасының қарқынды сипат алғанын сөз етіп, ынтымақтастықты дамыту перспективасын талқылады. Осы орайда біз Қазақстан – Израиль байланыстары қалай өрбіп жатқанына аз-кем тоқталуды жөн санадық.
Негізі Бакудегі кездесу – Президенттердің биыл алғаш басқосуы емес. Биыл сәуір айында Ицхак Герцог Астанаға келген болатын. Сол сапарда мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға айтарлықтай серпін берілді. Израиль Президенті де Қазақстанға сапарын ризашылықпен еске алды.
Енді екі ел арасындағы сауда-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтейік. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 193,5 млн долларды құрады. Ал биыл алғашқы жеті айда 75,2 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,3 пайызға өскенін байқадық.
Жалпы, Қазақстан Израильге мұнай, күкірт, түсті металдар, минералды тыңайтқыштар және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Өз кезегінде Израиль елімізге жоғары технологиялық жабдықтар, медициналық приборлар мен фармацевтика өнімдері, химиялық өнімдер, апельсин шырыны мен экзотикалық жемістерді жеткізеді.
Қазір кез келген елдердің арасындағы қарым-қатынаста инвестиция мен бірлескен жобалар өзінше бір өлшем секілді қалыптасқан. Израиль компаниялары Қазақстан экономикасына 500 млн доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Екі ел арасындағы серіктестік энергетика және логистика бағытында дамып келеді. Осыған дейін израильдік ValueLBH Fund инвестициялық қоры Қазақстандағы инфрақұрылымдық және логистикалық хабтарды дамытуға, сондай-ақ энергетикалық жобаларға 1,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға ниет білдіріп, келіссөздер жүргізе бастады.
Сол секілді ауыл шаруашылығы саласында да ынтымақтастық жақсы деңгейде. Израильдің су ресурстарын басқару және тамшылатып суару жүйелері Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерінде кеңінен енгізіліп жатыр. Құс шаруашылығы мен сүт өндіру фермаларын цифрландыру және заманауи израильдік жабдықтармен жарақтандыру жобалары жүзеге аса бастады.
Салалар жайын сөз еткенде Израильдің медицинадағы жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Жиған тәжірибесін бұл ел Қазақстанмен бөлісуге даяр. Екі ел арасында клиникалық базаларды модернизациялау және израильдік озық технологияларды (онкология, кардиохирургия және реабилитация саласында) Қазақстан ауруханаларына енгізу бойынша бірлескен жобалар бар.
Цифрландыру мен инновациялық жаңалықтарды да ескермей кетпесіміз анық. Стартаптар мен ақпараттық технологиялар саласында тәжірибе алмасу әлдеқашан қолға алынды. Израильдің Silicon Wadi экожүйесі мен Astana Hub арасындағы ынтымақтастық бар.
Айтпақшы, алдағы уақытта екі ел визасыз режимге көшуі мүмкін. Себебі жыл басында Қазақстан мен Израильдің Сыртқы істер министрлері ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату жөніндегі ықтимал келісімге қатысты ниет туралы меморандумға қол қойған болатын. Яғни қоғамдық дипломатия саласындағы ынтымақтастық дамып келеді.
Қалай алғанда да, Қазақстан Президентінің Израиль билігінің өкілімен кездесуі тегін емес. Шамасы, басшылар екі ел арасындағы жобаларды пысықтап, алдағы келісімдердің іргетасын талқыласа керек.
Е.НҰРЕКЕШ
