Кейінгі жылдары Қазақстан сыртқы саясат пен халықаралық дипломатияда белсенділік көрсетіп, ауқымды аренадағы өз позициясын нықтап келеді.
Инвестициялық әріптестік игілігі
105
оқылды

15 қазанда Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті өтті. Осы сапарда Қазақстан Президенті бірнеше мемлекеттің билік өкілдерімен жеке кездесті. Соның қатарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жүздесуі де бар. 

Тараптар екіжақты ынтымақ­тас­тықтың өзекті мәселелерін тал­­қылап, қазақ-қатар сан қырлы се­ріктестігін нығайту, сондай-ақ бір­лескен инвестициялық және энер­гетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективасына айрықша на­зар аударды. Жаһандық мәсе­ле­лер сөз болып, Таяу Шығыстағы ах­уал жөнінде де пікір алмасты. 

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бұған дейін де талай келіссөз өткізгені есте. Негізгі сапарлар мен кездесулердің хронологиясына қарар болсақ, Қатар Әмірінің Астанаға үш рет келгенін көреміз. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы маусымда және 2024 жылғы ақпанда Дохаға сапарлап барды. Кейінгісі тіпті тарихи мемлекеттік сапар болды.

Екі ел арасында ынтымақ­тас­тық көптеген саладан көрініс тауып отыр. Қатар мен Қазақстан ара­сындағы тауар айналымының жалпы көлемі әлі де салыстырмалы түрде шағын болғанымен, өсу ди­намикасы қарқынды. 2025 жылы екіжақты алыс-беріс 8,7 млн дол­ларды құрады. Оның ішінде Қа­зақ­стан экспорты – 4,3 млн дол­лар, ал Қатардан жасалған импорт  4,4 млн доллар айналасында. Биыл алғашқы 6 айда сауда айна­лы­мы 6 млн долларға жуықтады. Қа­зақстаннан Қатарға ет өнімдері, би­дай, арпа, бал, кондитерлік өнім­дер және металлургия өнім­дері экспортталады. Ал Қатардан Қа­­зақстанға негізінен мұнай-хи­мия өнімдері, полимерлер, тыңайт­қыштар және заманауи жаб­дықтар импортталады.

Сауда айналымы шағын болға­ны­мен, инвестициялық әріптестік бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. Қазақстан мен Қатар ара­сын­дағы жалпы құны 17,6-20 млрд долларға бағаланатын бірлескен стратегиялық жобалар пакеті іске асырылып жатыр. Негізгі ірі жо­ба­лар банк және қаржы саласында. Қатардың Lesha Bank инвес­ти­ция­лық банкі Қазақстандағы Bereke Bank АҚ-ын толықтай сатып алды. Бұл – Қазақстанның қаржы сек­торындағы кейінгі жылдардағы ірі халықаралық келісімдердің бірі. 

Сондай-ақ Қатардың Power International Holding конгломера­ты «Қазақтелекомнан» «Мобайл Те­леком-Сервис» (Tele2/Altel бренд­тері) акцияларының 100 пайы­зын сатып алып, осы саладағы негізгі инвес­торға айналды. Қазақстанда жаңа буын дата-орталықтарын салу жобалары қарас­ты­ры­­лып жатыр. 

Энергетика және газ өңдеу са­ла­сында да әріптестік бекем. Қа­тар­дың UCC Holding компаниясы «Қаз­МұнайГаз» серіктестігімен бір­ге Қашаған кен орнында қуат­ты­­лығы 1 млрд және 2,5 млрд тек­ше метр болатын екі газ өңдеу зауы­­ты­ның құрылысын қар­жы­лан­­дырып жатыр. Бұған қоса, «Ор­та­лық Азия – Орталық» газ құбыры же­­лі­сін­де жаңа компрессорлық стан­­са салу және екінші «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын жүргізу жобалары іске асырыла бас­тады. Жамбыл облысында қуат­тылығы 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қон­­дырғысын салу бойынша да жо­ба жүзеге асырылып жатыр. Осы­­лайша, Қазақстан мен Қатар бай­­ланысы жыл сайын нығая тү­су­де.

Е.НҰРЕКЕШ