Тіпті, ел ішінде экологиялық мәдениет қалыптастыру мақсатында мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңда бекітілгенін тілге тиек етті. Бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына айналған бастаманың қандай нәтиже бергенін анықтамақ болдық, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тазалықты тұрақты дағдыға айналдырған бастама
«Әділет» партиясы жастар қанатының Абай облыстық филиалы төрағасы Темірлан Бақтияровдың айтуынша, «Таза Қазақстан» жобаның жалпыұлттық деңгейге көтерілуі халықтың, әсіресе жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
– Абай облысында да жастар туған жердің тазалығын сақтауға және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр. Біздің мақсатымыз – бір күндік тазалық акциясын өткізумен шектелмей, әр адамның бойында тазалыққа деген тұрақты дағды қалыптастыру. Өйткені таза Қазақстан тек мемлекеттік бастамалармен емес, әр азаматтың күнделікті әрекетімен қалыптасады. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет, – деді ол.
Қазір осыған байланысты ел ішіндегі экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, экологиялық білім беруді дамыту бойынша үш бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Тіпті, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында іс-шаралар толассыз өткіліп отыр.
Мәселен, биылдың өзінде 753 экологиялық іс-шара өткен. Олардың қатарында «Таза аймақ», «Таза өлке», «Таза аула», «Тазару күні», «Жасыл аула» акциялары, Жалпықазақстандық ағаш отырғызу күні, «Мөлдір бұлақ» және басқа да бастамалар бар. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысып, оның ішінде 985 мың ерікті қатысқан. Соның арқасында 1,1 млн гектар аумақ тазартылып, 844 мың тонна қалдық жиналды. Оған қоса, 1,3 млн-нан астам ағаш отырғызылды.
Іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, ел ішінде қолдау тапқан жобаға айналды.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналған жоба
«Таза Қазақстан» бастамасының сонау тарихы 2024 жылдан бастау алады. Дәл сол жылдың 8 сәуір мен 11 мамыр аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен "Таза Қазақстан"республикалық экологиялық акциясы өткізіледі. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау.
Кейін Президент «Таза Қазақстан» республикалық акциясын уақытша науқанмен шектемей, өзінің 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жыл бойы жалғастыру керегін атаған болатын. Сөйтіп, тазалықты сақтау күнделікті дағдыға айналып, өңірлердегі жұмыстың сапасына әкімдер жауапты болуын көтерген еді. Артынан Үкіметтің №910 қаулысымен Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітіліп, енді бұл акция айналаның тазалығымен шектелмей, экологиялық білім беру, ағарту жұмысына бағытталып, ұзақмерзімді жоспарға айналды.

Тазалық жұмысына жаппай жұмылған халық
«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ағаш отырғызу және аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті.
Тіпті, ел арасында «Үлгілі ауыл», «Таза аула» сынды байқаулар өткізіліп, өз ішінде жеңімпаздары да анықталды. Сондай ең ірі экологиялық шараның бірі - World Clean-up day. Биылғы жылдың 19 қыркүйегінде еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында World Cleanup Day (Дүниежүзілік тазалық күні) акциясы өтті. Оның мақсаты халықты аумақтардың тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға тарту еді. Оған 513 мыңнан астам адам қатысып, оның ішінде мемлекеттік органдардың 140 мыңнан астам өкілі және шамамен 82 мың ерікті болды. Іс-шараларға мектеп оқушылары мен студенттер, жастар ұйымдары, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер және өңір тұрғындары да атсалысты.
Акция аясында саябақтар мен қоғамдық орындар, орман алқаптары, өзендер мен су айдындарының жағалаулары, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің аумақтары тазартылды. Нәтижесінде шамамен 6 мың гектар жер тазартылып, 12 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен қатар өңірлерде аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, айналаға 38 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Мемлекет басшысы да атсалысып, жастар мен экологиялық белсенділердің қатысуымен Астана қаласындағы Президенттік саябақ аумағында ағаш отырғызған болатын.
«Жасыл балабақша» жобасы аясында экологиялық бағыттағы 295 мектепке дейінгі ұйым құрылды. Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру бағдарламасы бойынша 1 748 педагог оқытылды. Орта білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге арналған 158 мыңнан астам сынып сағаты өткізілген.

Сонымен қатар, азаматтардың өтінішін қабылдайтын цифрлық құрал іске қосылған болатын. Әуелде @TazaQazBot арқылы тұрғындар қоқыс, абаттандыру және қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі жөнінде 2025 жылдық өзінде 26 137 өтініш түскен. Кейін халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында TazaQazBot Telegram-чаты қосылған. Соның көмегімен азаматтар елді мекендердің санитариялық жағдайы мен абаттандырыға қатысты өтінішін жолдай алауға мүмкіндік алды. Оның ел ішінде пайлаануы да жыл сайын артып келеді. 2024 жылдан бастап 2026 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша TazaQazBot арқылы 59,6 мың өтініш түскен.
Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдікпен қаржыландыру тетігін пайдалана отырып, қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғасып жатыр. Экологиялық білім беру мен ағарту жұмыстары жүргізілді. Мектеп оқушыларына арналған экологиялық байқаулар, жас экологтар форумдары, еріктілерге арналған іс-шаралар өткізілді. 2025 жылы Астанада қалдықтарды бөлек жинауды насихаттауға бағытталған алғашқы Эко-хаб ашылды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде рұқсат етілмеген 2 637 қоқыс орны анықталды. Оның 2 192-сі немесе 83%-ы жойылды.

Осы күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын ілгерілету аясында 223 іс-шара өткізілді. Оның 55-і негізгі, 168-і қосымша іс-шара болмақ,. ал жылдық жоспардың орындалуы 61,3% жетті. 2026 жылдың соңына дейін тағы 141 іс-шараны, оның ішінде 55 негізгі және 86 қосымша іс-шараны өткізу жоспарланып отыр.
Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» бастамасы соңғы екі жылда елді мекендерді тазалау мен көгалдандыру шараларынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмысқа ұласа түскен. Егер 2025 жылы оған 6 млн адам қатысқан болса, осы жылдың қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейін 7 млн-нан астам азамат атсалысқан. Бүкіл ел болып әр азаматтың экологиялық акцияларға қатысуы, мыңдаған гектар аумақтың тазартылуы, ағаштың отырғызылуы бұл бастаманың қаншалықты жұмыс істеп отырғанның бірден бір дәлелі. Ендігі міндет – тазалық акцияларын жалғастырумен қатар, олардың нәтижесін бағалап, экологиялық жауапкершілікті қоғамның тұрақты құндылығына айналдыру.
