«Әділет» партиясы Бадамша ауылы тұрғындарының өтінішін ескерусіз қалдырмай, бір қабатты ескірген емхананың жаңаруына атсалысты. Бүгінде құрылысы аяқталған жаңа ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылып, жергілікті халыққа сапалы медициналық тексеруден өз аудандарында өтуге мүмкіндік алды.
Халық сұранысы ескерілді: Бадамша ауылында аудандық емхананың жаңа корпусы ашылды
140
оқылды

Таяуда Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша ауылында аудандық емхананың жаңа корпусы ресми түрде ашылып, жергілікті тұрғындарды қабылдай бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде Бадамша ауылының төрінде орналасқан 4 қабатты емхананың жалпы ауданы 950,6 шаршы метр.  Оның  бірінші қабаты диагностикалық зерттеулер бөлімі ретінде  флюорография, маммография және рентгенологиялық зерттеу кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Ал 2-қабат функционалдық және эндоскопиялық диагностика бөліміне арналған. Мұнда емделушілерге фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), электрокардиография (ЭКГ) және функционалдық диагностика жүргізуге мүмкіндік жасалған. 3-қабат Зертханалық диагностика бөлімінен тұрса, ең жоғары қабаты Консультациялық-диагностикалық бөлімге арналған.

Нәтижесінде, ауылда  клиникалық-диагностикалық бөлімшенің қызметі жанданды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің ауқымын кеңейіп, медициналық көмектің сапасын жақсара түсуіне мүмкіндік берді.

Ел ішіндегі игі жақсылыққа қуанған жұрт аз емес. Соның бірі – Бадамша ауылының тұрғыны, зейнеткер Зейнелғабден Дербиспаев.

Оның айтуынша, өзі осы ауруханада 1959 жылы дүниеге келген екен. Сол кезеңнен күрделі жөндеуден өтпеген.

– Өзім миопияның жоғарғы дәрежесі бойынша емханада есепте тұрамын. Сондықтан емханаға тұрақты түрде қаралып, қажетті скрининг өтіп отырамын. Шынын айтсақ, өз басым осы емханада 1956 жылы дүниеге келгенмін. Содан бері косметикалық жөндеу жұмысы жүргенімен ауқымды жөндеу ғимарат көрмеді. Құдайға шүкір, қазір емхана жаңартылып қана қоймай, заманауи құрылғылармен жабдықталды. Бұрынғы бір қабатты емхананың орнына 4 қабатты емдеу мекемесі бой көтерді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Тіпті, емхананың ашылу салтанатына да қатыстық, – дейді зейнеткер Зейнелғабден Дербиспаев.

2025 жылы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың қолдауымен ШЖҚ «Қарғалы аудандық ауруханасы» МКК емханасына жапсарлас қосымша ғимарат салу жобасы қолға алынып, оның құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталған. Оны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 979 миллион теңге бөлінген екен. Мердігер ұйым ретінде «АймарСтройСервис» ЖШС анықталып, құрылыс жұмысын жүргізген.

«Әділет» партиясының аудандық филиал төрағасы Надежда Залядованың айтуынша, Бадамша ауылына жаңа емхананың қажеттігі жайлы тұрғындар сонау 2021 жылдары көтерген. Міне, осыдан кейін бұл мәселені партияның облыстық Жол картасына енгізілген.

– Жалпы, «Қарғалы аудандық ауруханасы» МКК емханасына жапсарлас қосымша ғимарат салу жобасы партияның облыстық Жол картасы барысында орындалған. Емхананың ғимаратына арналған жер қазылып, іргетасы қалана басталысымен бақылауда ұстадық. Біз, өз тарапымыздан, яғни партияның бақылау комитетінің өкілдері мен депутаттар құрылыс алаңына кемінде айына екі рет барып, құрылысқа және жөндеу жұмысына қатысты ескертпелерін жасап, жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағаладық. Қазір ғимараттың құрылысы аяқталды, жаңа медициналық құрылғылар толығымен жеткізілді. Мұндай игі іс – бір біз үшін емес, бүкіл аудан үшін үлкен демеу, – деді Надежда Залядова.

Ал аудандық емхананың бас дәрігері жергілікті халыққа қажетті медициналық тексерулерден аудандық деңгейде, облыс орталығына бармай-ақ өтуге мүмкіндік беретінін сөз етті.