Қазақстанда Республика күні қарсаңында соңғы жеті жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысы жарияланып жатыр. Негізгі көрсеткіштер қалалардағы мерекелік билбордтарға орналастырылып, тұрғындардың назарын аударды. Ондағы деректердің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Әрбір көрсеткіш ел өміріндегі өзгерістерді аңғартады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жеті жыл ішінде әлеуметтік салаға 88 трлн теңге инвестиция салынған. Қаражат білім беру, денсаулық сақтау, балаларды, студенттер мен отбасыларды қолдауға бағытталды. Бұл бағыттарда атқарылған жұмыстардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді.
Мектептер мен балабақшалар
Соңғы жеті жылда елде 1 342-ден астам мектеп ашылды. Жаңа білім ордалары оқушы саны артып, сыныптарда орын тапшылығы байқалған аймақтарда салынған. Әсіресе, халқы жылдам өсіп келе жатқан қала маңы мен аудан орталықтарына басымдық берілді.
Осы кезеңде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 балабақшамен толықты. Бұл ата-аналардың балаларын үйіне жақын орналасқан балабақшаға орналастыруына мүмкіндік берді.

Медицина және дәрі-дәрмек
Жеті жылда 1 259 жаңа медициналық нысан ашылды. Олардың қатарында ірі ауруханалармен қатар ауылдарда салынған шағын медициналық амбулаториялар да бар.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1,3 трлн теңге жұмсалды. Мемлекет денсаулық сақтау саласын басым бағыттардың бірі ретінде айқындап, дәрілік заттармен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлді.
Гранттар мен студенттер жатақханасы
Соңғы жеті жылда студенттердің стипендиясы 2,5 есе өсті. Әсіресе, грантта оқып, ата-анасынан жырақта тұратын студенттер үшін стипендияның артуы маңызды қолдау болды.
Мемлекет білім беру гранттарына 1,5 трлн теңге бөлді. Соның арқасында мыңдаған мектеп түлегі жоғары оқу орнына оқу ақысын төлемей түсу мүмкіндігіне ие болды.
Басқа қаладан келген студенттерді жатақханамен қамту үшін жеті жылда 267 жатақхана ашылды.

Спорт пен мәдениет
Жеті жыл ішінде Қазақстанда 536 жаңа спорт нысаны салынды. Олардың қатарында футбол алаңдары, бассейндер мен жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық спорт залдары бар. Көптеген нысанда балаларға арналған спорт секциялары жұмыс істейді.
Осы кезеңде 312 жаңа мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Әсіресе, шағын қалалар мен елді мекендер үшін мәдениет үйлерінің маңызы зор. Мұнда концерттер мен мерекелік іс-шаралар өткізіліп, тұрғындар шығармашылық үйірмелерге қатыса алады.

Отбасын қолдау
Қазір елімізде 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтарда тұрғындар психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгіне алады.
Мұндай орталықтар алғаш рет 2019 жылы отбасылық соттар жанындағы пилоттық жоба аясында ашылды. Кейін олардың жұмысы жергілікті әкімдіктер деңгейінде жалғасын тауып, орталықтар желісі біртіндеп барлық өңірді қамтыды.

Тұрғын үй және газ тарту
Жеті жылдағы құрылыс көрсеткіштері де ауқымды. Осы кезеңде Қазақстанда 118 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Жаңа үйлер мегаполистерде, облыс орталықтарында және ұзақ уақыт бойы құрылыс қарқыны баяу болған шағын қалаларда бой көтерді.
Сонымен қатар 772 ауылға газ тартылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін қыста үйді көмір мен отын тасымалдамай жылытуға мүмкіндік беретін маңызды өзгеріс.
Мерекелік билбордтар мемлекеттік Тудың түсіне үйлестіріліп, қалаларға ерекше сән беріп тұр. Ондағы көрсеткіштер халықты соңғы жеті жылда атқарылған жұмыстармен таныстырады. Қазақстанда Республика күні жыл сайын 25 қазанда атап өтіледі.
