– Барлығымыз естігендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруды тапсырып, оған 1 трлн теңге бөлінетінін айтты. Осы қаржыдан біздің облысқа 109,2 млрд теңге бөлінді. Енді осы қаражатты қайда бағыттау керегін шешуіміз керек. Басты назарды халықты жұмыспен қамту мәселесіне аударуға тиіспіз. Себебі, өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласының коронавирусқа байланысты карантинге жабылуынан соң облыстың көптеген тұрғыны жұмыссыз қалды. Сондықтан олардың отбасын тарықтырмау үшін тез арада жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек. Бұған дейін бір жылда осыншама қаржы бірден бөлінбейтін. Осыған орай оны тиісті салаларға бағыттауды жеті рет өлшеп барып атқаруымыз керек. Бірінші кезекте есеп беру жиындарында, азаматтарды жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге көңіл бөлеміз. Барлық өтінішті талдап, ешкімнің жұмыссыз қалмауын, елге қажетті жобаларды ескерген жөн, – деді Амандық Баталов.Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» 4 бағыт бойынша жүзеге асырылатынын, бірінші бағытта әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуі мен жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін ортаға салды. Білім саласының өзінде 88 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуге жатса, 351 мектепте сырттағы дәретханалар мәселесін жою қажет. Жалпы, әлеуметтік-мәдени салада 31,8 млрд теңгеге 491 жоба жүзеге асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту бойынша 79 нысанға 20 млрд теңге қарастырылып, 5 мыңға жуық жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Инженерлік-көліктік инфрақұрылымның күрделі, орта және ағымдағы жөндеуі бойынша 547 нысанға 34 млрд теңге қарастырылып, 8 500 жұмыс орны құрылмақ. Төртінші бағыт – елді мекендерді абаттандыруда 153 нысанға 17 млрд теңге қарастырылады. Сонымен қатар ирригациялық жүйелерді жаңғыртуда 7 жобаны жүзеге асыруға 6,2 млрд теңге беріліп, осы қаржыны игеру барысында 73,0 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қарастырылған қаржының 90 пайызы отандық өндірушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алуға жұмсалуы қажет. Сонымен бірге облыста еңбекпен қамту жөнінде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен аймақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің мүшелері енгізіледі және Алматы қаласындағы карантинге байланысты өңірге қайтып келген облыс тұрғындарын жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы