Азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуы, қоғамда тәртіптің сақталуы және заң талаптың баршаға бірдей орындалуы елдегі құқық қорғау жүйесінің жұмысына тікелей байланысты. 2019-2026 жылдар аралығында Қазақстанда бірқатар қылмыстық процестегі бақылау тетіктері жетілдіріліп, әйелдер мен балаларды қорғауға арналған заңнамалық шаралар күшейтілді, құқықбұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық берілді. Ендеше, осы жеті жылда құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістер мен нәтижесін сараптауға тырыстық.
2019-2026 жылдары Қазақстанның құқық қорғау жүйесіндегі өзгерістерді тек қылмыс санының өсуі немесе азаюымен өлшеу жеткіліксіз. Бұл кезеңде қылмыстық істерді тергеу тәртібі, полиция мен прокуратураның өкілеттіктері, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар және құқықбұзушылықтың алдын алу тәсілдері де өзгерген болатын. Мысалы, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп, полиция, прокуратура және соттың өкілеттіктері ажыратылды. Ондағы мақсат – полицияның, прокуратураның және соттың міндеттерін нақты бөлу. Яғни, полиция өз тарапынан қылмысты анықтап, дәлелдемелер жинап, тергеу жүргізеді. Прокуратура сол дәлелдемелерге құқықтық баға беріп, заңдылыған қадағалап, айыптауды қолдайды. Ал сот істі қарап, адамның кінәлі немесе кінәсіз екені туралы шешім шығарады. Осының арқасында азаматтардың құқығын қорғау мақсатында тергеу органдарының шешіміне прокурорлық бақылау күшейтіле түсті. Оның үстіне, бұзушылықтардың дереу жолын кесуге және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бүкіл процесс цифрландырылған және электрондық форматта өтуі жүктелді.

Қылмыстық процестегі азаматтардың құқығын қорғау тетігінің күшейтілуі
Сөйтіп, үш буынды модельдің бірінші кезеңін енгізумен прокурорлар 2021 жылдан бастап тергеу органдарының барлық негізді шешімдерін бекіте бастады. Сол уақыт ішінде прокурорлар келісуден бас тарту арқылы процеске қатысушылардың құқығын қозғайтын 80 мыңнан астам (2021 жылы – 53 270, 2022 жылы – 28 180) заңсыз шешімдер қабылдаудың жолы кесілген болатын. Ал қылмыстық орбитаға 6 мыңға жуық адамды негізсіз тартуға жол берілмеді, бұл үш буынды модель енгізілгенге дейінгі көрсеткіштен 20 есе ұлғайғанын көрсетеді. 2022 жылдан бастап үш буынды модельді енгізудің екінші кезеңі басталғанда прокурорлар аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасап, олардың осы құжаттары тергеп-тексеріледі. Сондағысы прокурордың дәлелдемелерді тәуелсіз құқықтық бағалау механизмін күшейтіп, айыпталушыны сотқа беру кезінде оның жауапкершілігін жекелендіре түседі.
Нәтижесінде, 2020-2022 жылдары қылмыстық-процестік заңнамаға өзгерістер енгізіліп, бірқатар маңызды шешімдерді прокурормен келісу немесе бекіту тәртібі қарастырылды. Мақсат – адамды қылмыстық процеске негізсіз тарту қаупін азайту және тергеу кезіндегі заңдылықты күшейту. Бас прокуратураның мәліметінше, үш буынды модель енгізілгеннен кейін 2021 жылы 3 771, ал 2022 жылы 2 224 адамды қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол берілмеген. Бұл – мемлекеттік орган келтірген ресми көрсеткіш; оның есептеу әдістемесін де ескерген жөн.
Әйелдер мен балаларды қорғау туралы заңдардағы өзгеріс
2024 жылғы 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойылып, негізгі нормалары 16 маусымда күшіне енді. Бұл заңдар әйелдер мен балаларды қорғауды едәуір күшейтеді. Өйткені оған дейін Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Енгізілген заң нормаларының негізгісі:
- ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян немесе қасақана келтіру үшін қылмыстық жауаптылық қатаңдатылды;
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
- өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
- кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Яғни,16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолақысын төлемесе қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынған болатын. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
- кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді.
Бұрын құқық қорғау органдарының жұмысы көбіне жасалған құқықбұзушылықты анықтау, тергеу және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы сипатталса, кейінгі жылдары алдын алу шараларына да көбірек көңіл бөліне бастады.
Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 2025 жылы 82,4 мың құқық бұзушы, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 45,1 мың құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Кешенді профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай құқықбұзушылықтың саны 7%-ға төмендеген. Жыл басынан бері 1 877 адам арнайы әлеуметтік көмек алды.
2025 жылы Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылын» жариялап, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік және қайталама қылмыстың жолын кесу бағыттарын күшейтілген болатын. Ал 2026 жылғы 2 наурызда «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң күшіне енді. Ол құқықбұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдіруге және бұл іске мемлекеттік органдармен бірге басқа субъектілерді де тартуға бағытталған. Былтырғы жылы 50 құқық бұзушыға зардап шеккендермен бірге тұруға уақытша тыйым салынды, ал 2026 жылдың басынан бері мұндай шара 51 адамға қатысты қолданылды. Полицияның өтінішхаты бойынша соттар 2025 жылы 987 адамды, ал ағымдағы кезеңде 1 514 адамды психологиялық түзетуге жіберді.

Қылмыс көрсеткіштерінде қандай өзгеріс бар?
2019-2026 жылдар аралығындағы өзгерістер Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде заңнамалық жаңартулармен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдердің қалыптасқанын көрсетеді. Қылмыстық процестегі бақылау тетіктерін жетілдіру, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауды күшейту, цифрлық құралдарды енгізу және профилактикалық жұмысты дамыту — осы кезеңдегі маңызды бағыттардың қатарында. Құқықтық тәртіпті нығайтуға нөлдік төзімділік қағидатын дәйекті сақтау және бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы қол жеткізіледі. Бұл бастама көше камераларын, аулалардағы, білім беру нысандарындағы және көлік тораптарындағы бақылау жүйелерін бірыңғай экожүйеге біріктіретін қоғамдық кеңістіктердің біртұтас цифрлық жабынын құруды көздейді. Бүгінде қылмыстардың басым бөлігі цифрлық технологиялардың көмегімен ашылуда.
Мәселен, 2025 жылғы ІІМ есебінде «Қауіпсіз қала» жобасын дамыту, Ұлттық бейнемониторинг жүйесін енгізу, бейнеталдау құралдарын пайдалану және жедел басқару орталықтарын жетілдіру негізгі бағыттары қолға алынған. Үкіметтің ресми мәліметі бойынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қылмыстың жалпы деңгейі тағы 10%-ға төмендеді, бұл ретте цифрлық аналитика мен бейнемониторинг жүйелерін пайдаланудың арқасында қылмыстардың ашылу көлемі артты. Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар саны 2025 жылдың қорытындысы бойынша, 9%-ға және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 19%-ға азайған.
2026 жылдың I жартыжылдығында 8,1 млн-нан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде:
16 мыңнан астам ұсақ бұзақылық фактісі;
қоғамдық орындарда мас күйде болудың 117,6 мың фактісі;
64,4 мың тыныштықты бұзу фактісі;
алкоголь өнімдерін сату қағидаларын бұзудың 6 мың фактісі.
Дегенмен, қабылданған заңдар мен жарияланған статистика реформалардың толық нәтижесін өздігінен көрсете алмайды. Негізгі өлшем – азаматтардың құқықтары қаншалықты қорғалғаны, құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігі, сот төрелігінің әділдігі және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі. «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі нақты мәні заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуынан, әр азаматтың құқығының қорғалуынан және құқықбұзушылық үшін жауапкершіліктің әділ қамтамасыз етілуінен көрінеді.
