Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Энциклопедияны әзірлеуге 2021-2025 жылдары 300-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысты. Басылымды дайындау барысында 4 мыңнан астам тарихи атау мен ұғым зерттеліп, қайта өңделді.
Жобаның жетекшісі әрі бас редакторы – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай.
Екі томдықта Түркістанның сан ғасырлық тарихы, түркі халықтарының мәдени мұрасы мен өркениетінің дамуы қамтылған. Басылым тарихи деректерді жинақтауға, жүйелеуге, сақтауға және түркі дүниесіне ортақ рухани мұраны зерттеуге арналған.
Таныстырылым барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан Тұрдықұл Шаңбай мен Жандос Бәделұлына ҚР Президентінің Алғысын және төсбелгісін табыстады.
Сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академиктер Дархан Қыдырәлі мен Әділ Ахметовке «Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадоры» құрметті атағын берді.
Тұрдықұл Шаңбай мен Turkistan.az ақпараттық порталының бас редакторы Ақыл Жамал да қордың алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиынға қатысушылар энциклопедияның түркі халықтарына ортақ мұраны зерттеу мен сақтау ісіндегі ғылыми және мәдени-тарихи маңызын атап өтті. Іс-шараны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
