Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызды Республика күнімен құттықтап, Конституциямыз көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы:
«Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік.
Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық.
Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық.
Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды.
Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.
Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді.
Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды», - деді.
Сонымен қатар, Президент:
«Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты.
Соның нәтижесінде мемлекеттік билік жүйесі толығымен жаңғырды. Бір палаталы Құрылтай пайда болды. Осылайша, біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент, яғни Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын нақты іске асырдық.
Вице-Президент институты құрылды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымына қажетті өзгерістер енгізілді. Еліміздің жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.
Еліміз дүние жүзінде еріктілер, яғни волонтерлер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы мемлекеттің бірі атанды.
Баршаңызға белгілі, қазіргі дүние жүзінде, осындай күрделі, тұрақсыз, болжамсыз, бұлыңғыр заманда билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс мүлде жоқ. Бұл – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам», - деген пікір білдірді.
