Әл-ауқатты арттыру – басты мақсат
Әл-ауқатты арттыру – басты мақсат
149
оқылды
«Біздің мемлекетіміздің басты мақсаты – тұрақты эко­но­микалық өсу мен азамат­та­рымыздың әл-ауқа­тын арт­тыруды қамтамасыз ету. Елі­міздің индустриалдық және инновациялық әлеуетін кең ауқымда дамыту түйінді фак­тор болып саналады. Менің прин­ципті түрдегі ұстанымым сіздерге белгілі және бүгінгі жиын оның дәлелі бола алады. Біз өзіміздің өндірушілерді барынша қолдайтын боламыз» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бренд қа­лып­тастыруды тап­сырды. Тіпті, Мемлекет басшысы «Жалпы, біз бес жыл ішіндегі шикізат емес экспорт өсімін 2022 жылы бір жарым есеге, ал 2025 жылға қарай екі есеге жеткізуіміз керек» деп нақты міндет қойды. Негізі, индустриалдық бағ­дарлама – мемлекеттің эконо­ми­калық дамуының берік ірге­тасы. Сондықтан Үкіметтің на­зары бұған ауған. Елбасының бас­та­масымен соңғы жылдары бұл ба­ғытта ауқымды жұмыс ат­қарыл­ды. Индустрияландыру үдерісінің арқасында инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асатын 1 250 жаңа өндірістік кәсіпорын ашылып, 120 мың жұмыс орны құрылды. Бес жүзден астам жаңа өнім түрлерінің шығарылымы жолға қойылды. Мәселен, «Қа­зақстанның индустриялық-инно­вациялық дамыту» мемле­кеттік бағдарламасының алғаш­қы бес­жылдығында Қызылор­да қала­сында өңірлік индустрия­лан­дыру картасына енгізілген 4 жоба іске қосылды. Оның ішінде 2 жоба тұрақты жұмыс істесе, 2 жоба жұ­мысы тоқтап тұр. Бағдарламаның екінші бес­жылдығында Қызылорда қала­сында өңірлік индустрияландыру картасына енген үш жоба іске қосылып, оның біреуі жұмыс істесе, тағы біреуі биыл сәуір айында іске қосылмақ. Жалпы, 2015 жылдан бастап индустриялық-ин­новациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2-кезеңінің басталған уақытымен салыстырсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2,8 пайызға жуық, жалпы қосылған құн – 17 пайыздан астам, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 19 пайызға өскен. «2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты 6 цемент түрін өндіреді және көршілес өңір­лерге ғана емес, 2019 жылдың шіл­десінен бастап экспортқа шы­ға­руда. Мәселен, Өзбекстанға  40 мың тонна экспортталуда. Ал қара тақта тастарды авток­лав­ты қайта өңдеу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ва­надийлі кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлыбританияға 200 тон­надан астам аммоний мета­ва­надаты экс­портталады», – деді Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов. Былтыр «Арал тұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 25 па­йызға ұлғайтты. Бұл дегеніміз – жы­лына 400-ден 500 мың тоннаға де­йін өскені. Биыл тағы 10%-ға арт­уы мүмкін. 2022 жылға қарай өн­д­іру көлемін 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы жылға «Индустрияландыру картасы» аясында ас тұзын терең өндіру зауыты құрылысының те­мір­жол тұйығы, автожол құ­ры­лысы және электрмен жабдық­таудың жобалық құжаттары мемле­кет­тік сарап­тамадан өтті. Енді инфра­құрылымдар құрылысының қар­жы­ландырылуы ресейлік инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың сәуір айында басталады деп күтілуде. Айталық, «BSK Қаратау» ЖШС-нің ас тұзын терең өндіру зауыты құрылысы жобасына 2,9 млрд теңге жұмсалмақшы. Зауыт­тың аумағы – 10 гектар. Іске қосылса, 500 жұмыс орнын қам­тып, жылына 100 мың тонна ас тұзы, 200 мың тонна техникалық тұз өндіреді деп күтілуде. Бұл жоба – өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына 2018 жылы енгізілді. Сондай-ақ қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өн­діретін үшінші испандық цех­тың құрылысына кірісуде. Соны­мен бірге Арал ауданында кальций­лендірілген сода өндіретін алғашқы зауыт құрылысының жобасын тиісті министрліктермен келісудің соңғы кезеңі жүргізілуде. Өткен жылы Қызылорда об­лысы Сырдария ауданы бойынша «Индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжыл­дығында құны 41 млрд 520 млн теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 206 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылатын «Шаған» шаруа қожалығы мен «Күріш ақтау зауытының құры­лысын салу және зауытты іске қосу» жобасы ұсынылып, кәсіпкердің өз қаржысымен іске асырылмақшы. Сонымен қатар былтырғы жыл­дың мамыр айында ет ком­бинатының іргетасы қаланды. Мемлекеттік қолдау ретінде кәсіп­керге ауызсу жүйесін жүргізуге 42,7 млн теңге бөлінген. Қазір су жүйесін жүргізетін мердігер ме­кеме анықталып, құрылысы жал­ғасып жатыр. Ал электр қуа­ты­мен қамтамасыз ету мақса­тында бюджеттік өтінімді облыс­тық мәслихаттың қарауына енгізу жос­парлануда. Мысалы, «Сыр мар­жаны» ЖШС-нің ет комбинатын салу жобасына 832,5 млн теңге қажет. Оның 70 адамды жұмыспен қамтып, жылына 5 000 тонна ет өндіру мүмкіндігі бар. Қазір мемлекеттік қолдау ретінде Талсуат елді ме­кенінен 15 гектар жер телімі беріліп отыр. Бүгінде экспортсыз, нарықсыз индустрияландыру деген түкке де тұрмайды. Мәселен, инвестиция мен мемлекеттік қолдау болса, зауыт салудың еш қиындығы жоқ. Ал қазір барлық халықаралық қа­тынас нарыққа қолжетімділіктің маңайына топтасқан. Сондықтан біз сапалы маркетингке назар аударуымыз керек. Сол үшін ин­вестициялық, туристік және сала­лық брендтер жүргізе отырып, отандық өнімді брендке айналдыру өз қолымызда.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы