Кешкі астан кейін немесе ұйықтар алдында тамақ жеу бауыр ауруларының даму қаупімен байланысты болуы мүмкін.
Түнде тамақтану бауыр ауруларының қаупін 30 пайызға дейін арттыруы мүмкін
185
оқылды

Ғалымдар 200 мыңға жуық адамның денсаулығына қатысты мәліметтерді зерттеп, осындай қорытындыға келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Clinical Gastroenterology and Hepatology ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, түнде тамақтануды әдетке айналдырған адамдарда бауыр ауруларының қаупі 20–30 пайызға жоғары болған. Зерттеушілер үш ауқымды зерттеудің нәтижесін талдап, қатысушылардың денсаулығын орта есеппен 16 жыл бойы бақылаған.

Мамандар әсіресе бауырда майдың жиналуына назар аударған. Бұл жағдай уақыт өте келе қабынуға, бауыр тіндерінің зақымдануына және циррозға әкелуі мүмкін. Зерттеу нәтижесінде кеш тамақтану бауырдың майлануымен және цирроз қаупімен байланысты екені анықталған.

Ғалымдардың түсіндіруінше, ағзаның ішкі биологиялық сағаты зат алмасу процесін реттейді. Түнде ағза тынығуға дайындалған кезде тамақтану осы табиғи ырғаққа әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан бауырдың қоректік заттарды өңдеу және май алмасуын реттеу қызметі өзгеруі ықтимал.

Дегенмен зерттеу түнде тамақтанудың бауыр ауруларын тікелей тудыратынын дәлелдемейді. Бұған адамның күнделікті тамақтану тәртібі, дене белсенділігі, артық салмағы және ұйқы сапасы да әсер етуі мүмкін.

Зерттеушілер бауыр саулығын сақтау үшін тек тағамның құрамына емес, оны қай уақытта тұтынатынымызға да мән беру қажет екенін атап өтті.