Алматыда қоғамдық көлікте жанжалдасқан екі жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке қамалып, әйелге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жолаушылар арасындағы жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тараған. Полиция мәліметінше, оқиға кезінде екі тарап бір-біріне балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот 27 жастағы әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Ал 38 жастағы ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.
Алматы қаласының Полиция департаменті тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға шақырды.
«Эмоция жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық көлік — әр жолаушы тыныш әрі қауіпсіз сапарға құқылы кеңістік. Былапыт сөздер айту, қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзу айыппұлдан бастап әкімшілік қамаққа дейінгі нақты құқықтық салдарға әкелуі мүмкін», – деп мәлімдеді ведомство.
