Қазақстанда алимент алатын азаматтар үшін жаңа тәртіп күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді сот орындаушысы арқылы өндірілген алимент арнайы банк шотына ғана аударылады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, өзгеріс 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданылады. Жаңа талапқа сәйкес, алимент алушы банктен арнайы шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға міндетті. Бұл тәртіптің басты ерекшелігі – алиментке арналған ақшаны өзге қарыздар үшін бұғаттауға болмайды. Мәселен, алимент алушының банк алдында несиелік берешегі болса да, баласына тиесілі қаражат жатқан арнайы шотқа тыйым салынбайды.
Ал азамат арнайы шот ашпаса, сот орындаушысы өндірілген ақшаны оған аудара алмайды. Бірақ бұл жағдай алимент төлеуге міндетті адамды жауапкершіліктен босатпайды. Қарыз сақталады және есептен шығарылмайды. Министрлік жаңа талаптың сот орындаушылары арқылы алимент өндіріп алатын азаматтарға қатысты екенін түсіндірді. Өзара келісім бойынша тікелей ақша аударатын ата-аналарға бұл ереже дәл осы тәртіппен қолданылмайды. Жаңа жүйе балаларды асырауға арналған қаражатты қорғауға және алименттің басқа қаржылық міндеттемелер үшін бұғатталуына жол бермеуге бағытталған.
