Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі нақтыланды. Сондай-ақ комитеттердің алдына Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты міндет қойылды.
Алдағы отырыстың күн тәртібі бекітілді
128
оқылды

Салалық комитеттерге жаңа Азамат­тық кодексті әзірлеу жұ­мысын ұйымдас­тыру, «Алатау қаласының арнаулы құ­қық­тық режимі туралы» конституциялық заң­ға сот жүйесінің қыз­метіне қатысты тү­зетулердің уақытылы қабылдануын қам­­тамасыз ету, салық заңнамасына енгі­зі­летін өзгерістер па­кеті бойынша ұсы­ныс­тар әзірлеу және басқа да міндеттер жүк­­телді. 

Құрылтай Төрағасы Үкімет әзірлеп жат­қан «Капитал на­ры­ғы туралы» заң жо­басы сапалы әрі жан-жақты қаралуға тиіс екенін айтты. Республикалық бюджет жобасын қарау ба­­­рысында ең төменгі жалақыны 110 000 теңгеге дейін арт­тыруға қатысты нормалар мен тиісті шы­ғыс­тардың еске­рілуі­не назар аударылады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды ке­шенді қолдау туралы заң жобасы ая­сын­да инклюзивті білім беру инфра­құры­лы­мын дамытуға да маңыз берілуге тиіс. 

Сонымен қатар энергия үнемдеу, энер­гия тиімділігін арттыру және бала­ма­лы энергия көздерін дамытуға қатысты заң жобаларын қарауды жеделдету тап­сы­рылды. 2027 жылғы қаңтардан бастап ми­кро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі Үкі­метпен бірлесіп пы­сықталады. 

Құрылтайдың Өңірлік және инф­ра­құрылымдық даму комитеті ауылдық ау­мақтарды дамытуға, логистикалық инф­рақұрылымдарды жетілдіруге және жолдардың сапасын арттыруға баса назар аударуы керек. Цифрландыру, инно­вация­­лар және ғылым комитеті еліміздің цифрлық транс­формациясын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыс­тарын жал­ғастыруға тиіс. Ал Аграрлық мә­се­ле­лер жөніндегі комитетке Су кодексі нор­ма­ларының орындалу барысын зер­делеу, суды үнемдейтін озық техноло­гия­лардың қол­да­нылуын, агрохимиялық жаңа­шыл­дықтардың енгізілуі бары­сын пы­сықтау тапсырылды. 

­«Халықтық құрылыс» бағдарламасы барлық комитеттер мен фракциялар жұ­мысының басым бағыттарының бірі ре­тінде айқындалды. Олар ел дамуының б­асым бағыттары бойынша ұзақмерзімді стра­тегиялық құжат әзірлеуге бірлесе атсалысады. 

Құрылтай жанындағы Қоғамдық па­латаның алғашқы отырысы Президент Жолдауына арналып, стратегиялық ба­сымдықтар сарапшылардың қатысуымен жан-жақты тал­қыланады. 

Сондай-ақ 2 қарашадан бастап де­путат­­тар ел аумағында Президент Жол­дауын түсіндіру мақсатында өңірлерге са­­пар­ларға шығады. 

Бюро отырысында алдағы Құрылтай оты­рысының күн тәр­тібі де айқындалды. Бірін­ші оқылымда Ветеринария мә­се­ле­лері бойынша кейбір заңнамалық ак­ті­лерге енгізілетін өз­геріс­тер мен то­лық­тырулар жобасы қаралады. Түзетулер мем­­лекеттік органдардың ветеринария сала­сындағы өкі­леттіктерінің аражігін ажы­ратуға, ветеринариялық дәрі­гер­лер­дің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қол­дауға бағытталған. Саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған қоса, ветеринариялық ба­қылау мен биологиялық қауіпсіздік та­лап­тарын күшейту, ветеринария­лық қыз­мет субъектілерінің жауапкершілігін арт­тыру шара­лары да ұсынылады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақ­стан Республикасы мен Азия Даму Банкі ара­сындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы сек­торы реформаларының бағдар­ла­масы – 2-кіші бағдарлама) ра­тифи­ка­ция­лау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның жобасын қарайды. 

Бюро «Қазақстан Республикасының ше­кара маңындағы ау­мақтарын дамыту туралы» заң жобасын жұмысқа қабыл­дап, құжат бойынша салалық комитеттің қо­рытынды әзірлеу мерзімін де бел­гі­леді.