Олимпиада кейінге қалды

Олимпиада кейінге қалды

Жаһанды жайлаған коронавирустың кесірінен әлемнің бірнеше елінде өтуі тиіс көптеген маңызды спорт­тық жарыстар кейінге ше­ге­рілді. Жер-жерде өтіп жат­қан тур­нирлер де уақыт­ша тоқ­татылып, спорт­шы­­лар дереу еліне қайтарыл­ды. Қазір Халықаралық спорт фе­дерациялары жарыс­тар­ды кейінге шегеріп немесе мүл­де өткізбеу туралы ше­шім шығаруда. Әрине, сақтық шарасы орынды десек те, ұйымдастырушылар мен кәсіпқой спортшылар қомақ­ты ақшадан айрылады.  Ал әуесқойлар жаттығудан қол үзеді. Тағы қандай зар­дабы мен салдары болуы мүмкін?  

TOKYO-2020

Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындары тарихындағы ауыр шешімдердің бірін қабылдады. Томас Бах бастаған лауазымды тұлғалар әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты 2020 жылғы Токио Олимпиадасын кейінге шегерді. Кезекті жазғы ойындар 2021 жылы өткізілетін болды. Ал нақты мерзімі әзірге бекітілген жоқ. Негізінде XXXII жазғы Олимпиада ойындары Токиода 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы арасында өтуі тиіс болатын. «Ұйымдастырушылар бұл шешімнен соң $2,7 млрд жоғалтуы мүмкін» деп болжайды Forbes. Басылымның мәліметінше, 2019 жылдың желтоқсан айында ойындардың қаржысы $12,6 млрд-ты құраған. Уақыты шегерілген соң Олимпиаданы ұйымдастыруға тағы $15,3 млрд жұмсалуы мүмкін екен. Бұл жағдайда Токиодағы дүбірлі дода тарихтағы ең қымбат екінші Олимпиада атанады. Айта кетейік, әлемдегі ең қымбат Олимпиада Ресейде өткен еді. Сочидегі ойындарға 21,9 миллиард доллар жұмсалған. Ал Кансай университетінің спорттық эконо­мика профессоры Катсухиро Миямото Токио ойындарының 1 жылдық кешіктіру жоспары шамамен 6,5 млрд еуролық шы­ғын келтіреді деп болжап отыр. Оның пайымынша, спорттық нысандарды күтіп, оларды 2021 жылға дейін дайын күйінде ұстау жалпы 3 млрд 800 миллион еуро шығын әкелеуі мүмкін екен. Айтпақшы, доданың атауы өзге­ріссіз қалмақ. Яғни, енді 2021 жыл­дың жазында өтетін Олим­пиада және Паралимпиада ойын­да­ры «Токио-2020» деп атала береді.  

ФУТБОЛ

Сондай-ақ УЕФА ұйымы да EURO-2020 турнирін де 1 жыл­ға шегерді. Аталған маңызды турнирдің мерзімін өзгертуге не­гізгі себеп  коронавирус пан­демиясы екені айтпаса да түсінікті. Бастапқыда турнир 2020 жылдың 12 маусым мен 12 шілде аралығында ұйымдастырылатын болған. Жаңа мерзім бойынша 2021 жылдың 11 маусымы мен 11 шілде аралығында өтеді деп жоспарлaнудa. УЕФА ықтимал шығынды 300 миллион еуродан жоғары деп бағалады. Егер турнир кейінге қалдырылса, ұйымдастырушылар бұл өтема­қы­ны барлық клубтар мен лига­лардан алуға ниетті. Доп додасы­ның мер­зімінің ауысқанына жан­­күйер­лер­дің көбі наразы. Өйткені олар ал­дын ала алған қай­тары­м­сыз ұшақ билеттері мен жал­ға алын­ған пә­тердің ақшасын қалай қай­тарарын білмей бастары қатуда.  

ТЕННИС

Тағы бір ірі жарыстың бірі – теннистен «Үлкен дулыға» сана­тына енетін Ролан-Гаррос-2020 турнирі де қыркүйек айына ауыстырылды. Франция теннис федерациясы спортшылар мен ұйымдастырушылардың денсаулығын сақтау мақсатында турнирді қыркүйекке қалдыру туралы шешім қабылдады. Жарыс 2020 жылдың 20 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында өтеді. Әлемде болып жатқан жағ­дайды жіті қадағалап, індетті ушықтырмау мақсатында түрлі спорт түрінен өтуі тиіс көктемдегі жарыстар да белгіленген уақы­тында өтпейді. Көптеген спорттық шаралардың кестесіне бірқатар өзгеріс енгізілді.  

ҚАЗАҚ СПОРТЫ

Еліміздегі жағдай да мәз емес. Халық көп жиналатын барлық іс-шаралар уақытша тоқтатылды. Оның ішінде спорттық жарыстар да бар. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 нау­рыздағы жарғысына, Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылдың 14 наурыздағы бұйрығына байланысты Қазақстан волейбол федерациясы волейболдан 28-ші Қазақстан чемпионатын уа­қытынан бұрын аяқтағанын ха­барлады. Қазақстан баскетбол федерациясы да ел біріншілігі мен бірқатар жарыстарды уақытша тоқтату туралы ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Қазақстан баскетбол федерациясының баспасөз қызметі жазды.   Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жә­не сақтық шарасын үдету мақса­тында дзюдодан өтетін бірқа­тар жарыстар да белгісіз мер­зім­ге шегерілді. Сондай-ақ таэ­квон­­додан Қазақстан құрамасы Бельгияда өтетін рейтингілік Belgian Open G-2 турниріне қа­тыспайтын болды. Сәуір айын­да Иорданияда өтеді деп жос­пар­ланған таэквондодан Азия аймақтық олимпиадаға іріктеу турнирі де кейінге шегерілді. «Астана» велокомандасы әлемде коронавирустың таралуына бай­ланысты таяуда өтетін «Страде Бьянке», «Париж – Ницца» и «Тиррено – Адриатико» жарыс­тарына қатысудан бас тартты. Команда менеджменті мен дәрі­герлер бірлесе отырып осындай шешім қабылдады. Көркем гимнастикадан Қа­зақстан командасы әлем кубогы кезеңдеріне қатыспайтын болды. Чехияның Брно қаласында өтетін Гран-при турниріне, сондай-ақ Киев пен Марбельедегі Гран-при турнирінен және Ташкент пен Софияда өтетін әлем кубогына бармайды. Халықаралық теннис федера­циясы теннистен Қазақстан мен Аргентина арасындағы Фе­дерация кубогының плей-офф ойындарын белгісіз мерзімге шегерді. Федерация күнтізбесіне сәйкес, жарыс 17-18 сәуірге жос­пар­ланған. Ал кейінге қал­дырылған ойындар кестесі ITF ресми сайтында жақын арада  жарияланады. Бокс пен UFC жарыстары да осындай жағдайды бастан кешуде. Жақында ғана Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жегінің кейінге шегерілгені ха­бар­ланған болатын. Спорттық гимнастикадан Дохада (Катар) өтуі тиіс ли­цензиялық әлем кубогы да уа­қытша тоқтатылды. Коронавирус эпидемиясының таралуына бай­ланысты әлем кубогының кезеңі 2020 жылдың 3-6 маусымына шегерілді. Фристайл-могулдан Идре Фьелле (Швеция) аймағында жоспарланған әлем кубогының соңғы кезеңі өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық шаңғы спорты (FIS) түрлері федерациясы хабарлады. Құрлықтық хоккей лигасы COVID-19 індетіне байланысты биылғы маусымды мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы ли­ганың ресми сайтында жария­ланды. Айта кетелік, ҚХЛ-дың плей-офф кезеңінен «Барыс» және «Йокерит» клубтары бас тартқан.  

ІШКІ ФУТБОЛ 

Футболдан ішкі біріншілік те тоқтап тұр. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков коронавирус індетінің таралуына байланысты футболдан халықаралық және ұлттық турнирлерді өткізу мәселесі туралы айтып, маңызды мәселені сөз етті. – Еліміздегі барлық ресми турнир тоқтатылып тұр. Қа­зақстандық клуб басшыларына бұл мәселеде жауапкершілік үлкен екенін тағы ескертеміз. Алдын алу шараларын үзбеуді және оқу-жаттығу жиындарын тоқтатуды талап етеміз. Қауіптің беті бері қараған соң клубтар жаттыға бастайды. Ұлттық құраманың 27-30 наурызға жоспарлаған жолдастық кездесулері өтпейді, – дейді Әділбек Жақсыбеков. COVID-19 індетіне байланысты жарияланған карантин кезінде қазақстандық спортшылар бос уақытты тиімді пайдаланып, үй жағдайында жаттығу жұмысын жасауға көшуде. Олардың әзір­ге қолдан келері – осы ғана. Ха­лық сабыр сақтап, төзімділік та­нытса, көп өтпей бұл індет те ауыздықталып, жағдай қайта қа­лыпқа келер. Дегенмен бұл шы­ғынның орнын толтыру қиын­ға соғары сөзсіз. Бір ғана футбол­дың өзін алайық. KPMG зерттеу ком­паниясы коронавирус індетінің кесірінен әлемдегі үздік 5 лига  (А сериясы, Ла Лига, АПЛ, Бун­деслига, 1 лига) қанша шығынға батуы мүмкін екенін болжады. Бүкіл әлемге таралған індетке байланысты тоқтатылған маусым аяқталмаса, аталған лигалар 4 млрд еуроға дейін шығынға батуы мүмкін екен. «Біздің елдегі футбол маусымы аяқсыз қалса, қанша шығынға батуы мүмкін?» деген сұ­раққа белгілі комментатор, спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен жауап берді. – Әлемдік футбол біраз қар­жыдан қағылатыны түсінікті. Әсіресе, Англия, Испания, Италия, Германия, Франция  сияқты Еуропаның алдыңғы қатарлы лигалары, сондай-ақ УЕФА мен ФИФА  да біраз ақшадан айырылды. Оның ішінде Чемпиондар ли­гасы мен Еуропа лигасы секілді ірі жарыстардың тоқтап қалуын қосыңыз. Жоспарланып қойыл­ған жарнамалар, матчтар, телекөр­сетілімдер – барлығы да болмайды. Бұл шығынның орнын толтыру оңай емес. Ал өзіміздің елге келер болсақ, Қазақстан фут­болында ондай проблема жоқ деп айтсақ та болады. Неге? Өйткені Қазақстан чемпионаты көп ақша таппайды. Телекөрсетілімдер жоқтың қасы. Екіншіден, жарнама нарығы елімізде өте нашар. Көп емес. Өз шығынын өзі жаба ал­майды, – дейді Ермұхамед Мәулен. Қайткенмен де «шығын шық­пай, кіріс кірмесі» анық. Ең бас­тысы, қауіпсіздік шараларын сақтап, жағдайдың қайтадан қалыпқа келуін күту. Сөнген үміт қайта жанар, тоқтаған жарыс та  жалғасар. Қазіргі кезде біз үшін сынақтан сүрінбей өту маңызды.  

    Абылайхан ЖҰМАШ