Қазір үйлестіру, жылжымайтын мүлікті бағалау және өтемақы төлеу тәртібін қарау үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған. Енді тұрғындарды көшіру жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, әрбір меншік иесінің өтініші жеке қаралады. Жалпы, жоспар бойынша Атырау мұнай өңдеу зауыты санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 120-ға жуық үйді көшіру жоспарланып отыр.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғау аймағының шекарасы арнайы зерттеу нәтижесінде белгіленген. 22 қазанда Атырау қалалық әкімдігінің қаулысымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, зауыт өкілдері мен іргелес аумақтардағы тұрғындардың бастамашыл тобы кірді. Қазір әкімдік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының тізімін нақтылап жатыр. Комиссия тұрғындардың өтініштерін қабылдап, көшіру тәртібі мен шарттарын түсіндіреді. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікті бағалау нәтижелерімен таныстырып, өтемақы мөлшеріне қатысты мәселелерді қарайды.
Басты мәселе – әділ өтемақы
Кез келген отбасы үшін баспанадан айырылу немесе тұрғылықты жерін ауыстыру оңай шешім емес. Сондықтан бұл жағдайда өтемақының әділ бағалануы, төлем мерзімі мен меншік иелерінің құқықтары ерекше маңызға ие екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, зауыт маңында тұратын тұрғындар үшін ең алдымен баспананың нақты құны қалай анықталатыны және ұсынылған өтемақымен келіспеген жағдайда қандай құқықтық тетіктерді пайдалана алатыны маңызды.
– Біз үшін ең бастысы – отбасымыздың қауіпсіздігі. Егер көшіру туралы шешім қабылданса, оның барлық шарты ашық түсіндіріліп, өтемақы әділ төленгенін қалаймыз. Әр үйдің жағдайы әртүрлі. Сондықтан баспананы бағалау кезінде оның нақты нарықтық құны ескерілуі керек. Ұсынылған сомаға келіспеген жағдайда өз құқығымызды қорғауға мүмкіндік болғаны да маңызды, – дейді зауыт маңындағы тұрғындар.
Әкімдік қараша айының ортасында зауытқа іргелес аумақ тұрғындарымен арнайы кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Жиында тұрғындардың сауалдарына жауап беріліп, көшіру жұмыстарының аралық нәтижелері таныстырылады. Ал алынатын жылжымайтын мүлік нысандарының түпкілікті тізімі заңды рәсімдер аяқталғаннан кейін жарияланады.
Экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан санитарлық-қорғау аймағы өндірістік кәсіпорын мен тұрғын үй аумағының арасындағы қауіпсіздік белдеуі саналады. Оның негізгі мақсаты – өндірістік нысанның қоршаған ортаға әсерін ескере отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау. Эколог Нұргүл Маратованың айтуынша, санитарлық-қорғау аймағы жай ғана белгіленген шекара емес.
– Ол өндірістік кәсіпорынның қоршаған ортаға ықтимал әсерін ескеріп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай аумақтың көлемі кәсіпорынның ерекшелігіне, атмосфераға таралатын заттарға және жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне қарай анықталады. Сондықтан бір жылдық зерттеу қорытындыларының негізінде қабылданған шешімдер ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, қоғамға ашық ұсынылуы керек, – дейді ол.
Ауа сапасы алаңдатады
Қазір зауыттың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында тағы бір бастама қолға алынып отыр. АМӨЗ-де «Ашық аспан» жобасы іске қосылып, автоматты мониторинг стансаларынан алынған атмосфералық ауа сапасы туралы мәліметтерді «Қазгидрометке» тікелей жіберу жүйесі әзірленді.
Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ECO-WEB платформасы арқылы деректер әр 20 минут сайын беріліп отырады. Қазір жүйені баптау және «Қазгидромет» мамандарымен бірлесіп сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама экологиялық мониторингтің ашықтығын арттыруға бағытталған. Дегенмен тұрғындар үшін деректерді тек мемлекеттік органға жіберу ғана емес, оның нәтижелерінің қоғамға қолжетімді болуы да маңызды.
Атыраудағы бастамалардың түпкі мақсаты – өндірістік қауіпсіздік пен тұрғындардың мүддесін қатар қамтамасыз ету. Ендігі мәселе – көшіру процесінің ашық жүргізілуі, өтемақының әділ белгіленуі және экологиялық бақылау нәтижелерінің қолжетімді болуы. Өйткені бұл – бір ғана кәсіпорынның немесе жекелеген тұрғындардың мәселесі емес, тұтас қаланың экологиялық қауіпсіздігіне қатысты маңызды шешім.
Шынын айту керек, АМӨЗ маңындағы тұрғындарды көшіру мәселесі кейінгі жылдары қаладағы экологиялық жағдайға қатысты жиі көтерілген шағымдармен де байланысты. Тұрғындар ауа сапасына, жағымсыз иіске және өндіріс орындарынан шығатын қалдықтарға қайта-қайта наразылық білдіріп келеді.
Биыл ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытына санитариялық талаптарды бұзғаны үшін 6 млн 920 мың теңге айыппұл салынды. Кәсіпорын бұл шешіммен келіспей, сотқа шағым түсірген. Ал, наурыз айында экологиялық талаптарды бұзғаны үшін зауытқа 520 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны хабарланды. Тексеру барысында атмосфераға шығарылатын зиянды заттар нормативтерінің асып кетуі, рұқсатсыз сарқынды су төгу және апаттық жағдай туралы уақытылы хабарламау деректері анықталған.
Қазан айында тұрғындардың ауа сапасына қатысты жаппай шағымдарынан кейін жүргізілген кезектен тыс тексеру де бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, кейбір өндірістік қондырғылар бойынша шығарындылар есебі мен рұқсат етілген нормативтер болмаған. Сонымен қатар көміртек тотығы мен азот оксидтері бойынша белгіленген көрсеткіштердің асып кеткені тіркелген. 25 тамыз бен 2-7 қыркүйек аралығындағы апаттық жағдайлар кезінде алауда 100 тоннадан астам газ жағылған. Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік істер қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Бұл істер бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Сайып келгенде, осы жағдайлар зауыт маңындағы экологиялық қауіпсіздік пен тұрғындардың өмір сүру ортасына қатысты мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Дегенмен зауыт маңындағы үйлерді көшіру Атыраудың экологиялық жағдайын жақсартып жібере ала ма? Бұл енді басқа мәселе.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы
