Павлодарлық оқушы Айханым Оқасованың Гарвард университетіне түскені туралы ақпараттың шынайылығына күмән туды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін 11-сынып оқушысы тоғыз тіл білетінін, Гарвардтан шақырту алғанын және жеке білім беру жобасын құрғанын мәлімдеген. Бірақ павлодарлық Даниял Сүлеймен оның шетелдік университеттерден алған хаттарына күмән келтіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Даниялдың айтуынша, Гарвард университетіне оқуға қабылдау нәтижелері қазан айында жарияланбайды. Сондай-ақ қыз түскенін айтқан Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына мектеп бітіргеніне кемінде бес жыл болған адамдар ғана қабылданады. Ол университеттерге хабарласып, жарияланған құжаттардың түпнұсқа емес екені туралы жауап алғанын мәлімдеді.
Ал оқушының анасы Әсия Оқасова қызының шет тілдерін меңгергенін және сабақ беріп, табыс тауып жүргенін растады. Оның сөзінше, Айханым жеті тілді жетік біледі, тағы екі тілде сөйлесе алады. Анасы қызының электронды поштасына біреулер жалған хат жіберіп, алдауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Осы жағдайдан кейін Павлодар облысының әкімдігі оқушының жетістіктері туралы бұрын жариялаған жазбасын өшірді. Білім басқармасы Гарвардтан және өзге де шетелдік оқу орындарынан келген шақыртулар қосымша тексеруді қажет ететінін хабарлады.
Дегенмен басқарма Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдік ұсынғаны туралы ақпаратты растаған.
Қазір оқушының отбасы мен мектеп өкілдері құжаттардың шынайылығын анықтап жатыр. Әзірге Айханымның жалған ақпаратты қасақана таратқаны дәлелденген жоқ.
