Қыс мезгілінде Астанада тұрғындардың белсенді демалуына мүмкіндік артады. Қала аудандарында мұз айдындары ашылып, сырғанақтар мен түрлі қысқы ойын-сауық орны жұмыс істейді.
Елордадағы қысқы ғажайыптар
136
оқылды

Қыс мезгілінде Астана тұрғындары мен қонақтары үшін белсенді демалатын орындар көбейеді. Елорда аудандарында мұз айдындары ашылып, сырғанақтар мен түрлі қысқы ойын-сауық алаңы көптің көзайымына айналады. 

Қыста серуендеп, демалуға болатын орындардың бірі – Есіл өзе­нінің жағалауы. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында, соның ішін­де Оқушылар сарайының маңында мұз айдындары ашы­лады. Бұдан бөлек, ауданда 13 мұз сырғанағы салынады. Қысқы де­малыс орындары «Көктал» саябағында, «Оқжетпес» гүл­зарын­да және басқа да қоғамдық орындарда ұйымдастырылады.

Елордадағы ең ерекше қысқы орындардың бірі – Есіл ауда­нын­да, Abu Dhabi Plaza кешенінің маңында ашылатын Astana Winter Park. Бұл – ұзындығы 1,4 шақырым болатын ауқымды мұз айдыны.

Мұз жабынының жалпы ауданы шамамен 6 мың шаршы метр­ді құрайды. Әдеттегі мұз айдындарынан ерекшелігі – мұнда шең­бер бойымен сырғанап қана қоймай, ұзын мұз жолымен серуендеуге болады.

Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін жылы павильондар, ко­ньки жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары мен сәндік жарықтандыру қарастырылған. Мұзды арнайы жүйе ар­қылы салқындатып отырудың арқасында күн жылы кезде де мұз айдыны жұмыс істей алады.

Сарайшық ауданындағы қысқы демалыс орындарының бірі – «Қазақ елі» алаңы. Мұнда мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Тағы екі мұз айдыны Жүргенов көшесінде және Прези­дент­тік сая­бақта ашылмақ. 

Елордадағы тағы бір қызықты қысқы демалыс орны – Ал­маты ауданындағы Triathlon Ice Park. Триатлон саябағында ау­да­ны 1 200 шаршы метр болатын заманауи мұз айдыны салынып жа­тыр. Мұнда Астана тұрғындары мен қонақтары күн салыс­тыр­малы түрде жылы болған кезде де белсенді демалуға мүм­кін­дік бар. 

Арнайы тоңазытқыш жабдықтары мен мұзды сақтау тех­нологиясының көмегімен алаң ауа температурасы сәл жылынған кез­де де жұмысын жалғастыра алады. Келушілерге коньки жалға беру қызметі, жылынып демалатын орын, ыстық сусындар мен та­мақтану орындары қарастырылған. Ал сәндік жарықтар мұз ай­дынына ерекше көрік беріп, кешкі серуен мен отбасылық демалысқа қолайлы жағдай жасайды.

Алматы ауданында да қысқы демалыс орындары ашылады. Атап айтқанда, «Құмыра» аумағында, «Жерұйық» және «Жастар» саябақтарында арнайы алаңдар ашу жоспарланған.

Байқоңыр ауданында «Ататүрік» саябағы мен «Жастар» сарайы­ның маңында мұз айдындары әзірленіп жатыр. Сонымен қа­тар Өндіріс, Кірпішті, Қазқалашық тұрғын алаптарында және Қоян­ды саяжай алабында да сырғанақтар орнатылады. Барлығы то­ғыз орын қамтылмақ.

Қысқы демалысқа арналған тағы бір орын Нұра ауданында ашыл­мақ. Мұз айдынын «Астана Арена» стадионының маңында жаб­дықтау көзделген.

Қазір елордадағы қоғамдық кеңістіктерді қысқы маусымға дайын­дау жұмысы жүріп жатыр. Аталған мұз айдындары мен сыр­ғанақтар – биыл Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ашы­латын қысқы демалыс орындарының бір бөлігі ғана. Қазір қа­ла­ның өзге аудандарында да осындай алаңдарды дайындау жұмысы жүргізілуде.

Табиғи мұз құю жұмысы күн салқындағаннан кейін баста­ла­ды. Қосымша демалыс орындары мен олардың қашан ашы­ла­тыны туралы ақпарат дайындық жұмысы аяқталған сайын жа­рияланып отырады.

Осылайша, биыл қысқы демалыс тек қаланың орталық бөлі­гін­де емес, тұрғын алаптарда да ұйымдастырылады. Бұл тұр­ғын­дарға алысқа бармай-ақ үйінің маңында таза ауада серуендеп, бел­сенді демалуға мүмкіндік береді.

Айна ХАСАН