Сондай-ақ жиында ұйымның соңғы жылдары атқарған қызметі де сөз болды. Осы орайда белгілі ғалым, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлына бірер сауал қойған едік.
– Шерубай аға, Мемлекет басшысының қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайы өтті. Құрылтайда қоғамның соңғы жылдардағы жұмысы қорытындыланып, жүзеге асырылып жатқан жобалары таныстырылды. Қандай негізгі нәтижелерге қол жеткізілді? Құрылтайдың басты ерекшелігі неде болды?
– Иә, осыдан 37 жыл бұрын 1989 жылы қоғам жаңадан құрылған кезде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында өткен бірінші құрылтайға ғана ел Президенті қатысқан еді. Қоғамның одан кейінгі құрылтайлары дәл мұндай деңгейде өткен емес. Оныншы құрылтайға ел Президенті қатысып, елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында өтіп жатуы да – оның ерекше мәртебесі мен мемлекеттік тіл мәселесіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанының айғағы. Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, ұлттық бірегейліктің негізі. Қазақ тілі – ұлтымыздың ең басты құндылығының бірі. Сондықтан тілдің дамуына, өркен жаюына мемлекеттің, бүкіл қоғамның ерекше мән беруі өте орынды. Құрылтайда ұйымның соңғы жылдары атқарған қызметіне есеп берді. Алдағы уақытқа жоспарланған ауқымды жобалары мен атқаратын істері туралы да баяндалды. Жалпы, кейінгі 3-4 жыл көлемінде «Қазақ тілі» қоғамының құрылымын жетілдіру мен оның жұмысын қаржылық қамтамасыз ету тұрғысынан бірқатар өзгеріс болды. Мәселен, қоғамның орталық кеңесі жасақталып, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктерін есепке ала отырып, өңірлердегі филиалдардың дербес жұмыс істеуіне басымдық берілді. Серіктестер тауып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді. Qazaq Tili Endowment қоры құрылып, екі-үш жыл көлемінде ондағы қаржы көлемі 824 млн теңгеге дейін артты. «Қазақ тілі» қоғамының OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT-дің қазақ тіліндегі жұмыс сапасын жетілдіру мен әлемдік кино туындыларын көрерменге қазақ тілінде ұсынуы да жұртшылықтың қазіргі заман талабына сай сұраныстарын өтеуге бағытталған жұмыстары деуге негіз бар. Соңғы үш жылда 13 танымал фильм қазақшаға аударылып, экранға шықты. Қоғам қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатымен ұстаздар форумын, соның аясында шеберлік сағаттарын жүйелі түрде өткізіліп келеді. Қазақ тіліне деген құрмет те, қажеттілік те артып келеді. Бұл туралы Құрылтайда Мемлекет басшысы да айтты.
– Құрылтайда қоғам жұмысының үш негізгі бағыты таныстырылды: қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және тілдің жаңа технологиялардағы қолданысын кеңейту. Осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың қайсысын ерекше атап өтер едіңіз? Алдағы уақытта қандай міндеттерге басымдық беріледі?
– Бұл жұмыстардың қай-қайсысы да маңызды. Сондықтан олар негізгі бағыттар ретінде белгіленіп отыр. Әрине, тілді оқытудың әдістемесін жетілдірудің маңызын ғалымдар, ұстаздар ертеден-ақ жақсы түсінді. Бұл – бұрыннан қолға алынып, үнемі жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Сонау ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы бастаған қазақ зиялыларының оқулықтар мен оқу құралдарын жазуы – соның дәлелі. Ел тәуелсіздігін жариялаған 90-жылдардан кейін бұл мәселенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Қазақ тілін ұлт мектептерінде ғана емес, өзгетілді аудиторияда оқытуға, шетелдіктерге үйретуге деген сұраныс пайда болды. Соған сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың сапасын арттырып, әдістемесін заман талабына сай жетілдіре беруге міндеттіміз. Цифрлық технология дәуірінде қазақ тіліндегі мазмұн көлемі мен сапасын арттыру, тілді қолдану мен дамытуда осы жаңа технологияларды тиімді пайдалану тіпті маңызды. Ендеше бұл бағыттағы жұмыстар тек бір қоғамдық ұйымның ғана емес, бүкіл мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың, жалпы мемлекеттің айырықша назарында болуға тиіс. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да осы бағыттағы мәтін корпусын түзу тәрізді жоспарлы жобаларының жұмысын жалғастыра береді.

– Қазақ тілін оқыту сапасын арттыру – қоғам қызметінің маңызды бағытының бірі. Соңғы үш жылда еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған мұғалімдер форумдарына 15 мыңнан астам педагог қатысты. Бұл форумдар қандай нәтиже берді? Бүгінде қазақ тілін оқыту әдістемесінде қандай мәселелер өзекті?
– Кейінгі үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде дерлік мұғалімдер форумы өтті. Кейбір өңірлер педагогтер сұранысына орай екінші жыл қатарынан өткізді. Біріншіден, бұл форумдарға біз еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтар мен мектептерде жұмыс істейтін белгілі ғалымдарды, оқулық авторлары мен үздік әдіскер мамандарды, тәжірибелі практиктерді спикер ретінде шақырдық. Олар өткізген сабақтар, семинарлар мен шеберлік сыныптары пән мұғалімдеріне өте пайдалы болды. Мұғалімдер жаңа әдістемелермен танысып, сабақ барысында жаңа технологияларды, ЖИ-ді пайдалануға қатысты тың мәлімет алды. Екіншіден, форумға келген озық тәжірибелі ұстаздардың өздері өткізген үлгі сабақтары қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, бір-бірінен үйренуіне, әдістемесін жетілдіруге, озық кең тәжірибелердің таралуына септігін тигізді деп білеміз. Үшіншіден, біз педагогтермен кездесу барысында өңірлердегі пән мұғалімдерінің түрлі сұрағына жауап беріп, олардың шешімін таппаған мәселелерін айқындап, оқулық жазу мен бағдарламаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін жинақтадық. Бұл осы салада жұмысты ұйымдастыру, білім беру сапасын арттыру үшін маңызды.
– «Ана тілі» және «Жарқын болашақ» олимпиадаларына соңғы екі жылда 30 мыңнан астам оқушы қатысып, 61 білім гранты бөлінген екен. Бұл бастамалардың басты мақсаты қандай?
– «Қазақ тілі» қоғамы мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп өткізген «Жарқын болашақ» және «Ана тілі» республикалық олимпиадалары жеңімпаздарының 61 грант иеленіп, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуі – жас талапкерлерге көрсетілген үлкен қолдау. Бұл екі олимпиадаға «Freedom Шапағат» қоры тұрақты түрде демеушілік жасап келеді. Бастамалардың негізгі мақсаты – мектеп оқушыларының ана тілін, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, оны кәсіби қызметінде еркін пайдалана алатын болашақ мамандардың қалыптасуына мүмкіндік туғызып, қолдау көрсету. Қазақ тілін жақсы меңгеріп, сол арқылы болашақ мамандығына жолдама алған жастардың тілге деген құрметі айрықша болады.

– «Ұлттық диктант» жобасы 300 мың адамды қамтыды. Мұндай іс-шараның қоғамда сауатты жазу мәдениетін қалыптастырудағы рөлі қандай?
– Иә, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен өткен «Ұлттық диктантқа» онлайн және офлайн түрде 300 мыңға жуық адам қатысқаны рас. Диктантты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының til.kz сайтында онлайн жазуға да болады. Мектепте диктант, мазмұндама жазып дағдыланған ұрпақтың жазу сауаттылығы жоғары болды. Қазір шет тілдерін білетіндер саны едәуір артқанымен қазақша жазу сауаттылығы сол буынның деңгейіне жете қоймайтыны жөнінде жиі естіп жатамыз. Сондықтан қазақша жазу мәдениетін көтеруге септігін тиізетін мұндай шараларды ұйымдастыру бүгінгі уақытта артықтық етпесе керек.
– Сіз қазақ ғылыми терминологиясын дамыту мәселесімен ұзақ жылдардан бері айналысып келесіз. Бүгінде қазақ тілінің ғылым мен жоғары білім саласындағы қолданысын қалай бағалайсыз? Қазақ тілін толыққанды ғылым тілі ретінде дамыту үшін қандай жұмыстарға басымдық беру қажет?
– Қазақ тілінің ғылым мен жоғары білім саласындағы қолданысы соңғы 30 жылда едәуір артқаны анық. Соған қарамастан жаратылыстану ғылымдарының бірқатарында гуманитарлық ғылымдармен салыстырғанда, қазақ тілін жетік меңгерген, зерттеу еңбектерін қазақ тілінде жазатын ғалымдар саны да, қазақша ғылыми әдебиеттер үлесі де әлі едәуір төмен. Ғылым саясатына, тіл саясатына жауапты мемлекеттік органдар, жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары осы бағыттағы жұмыстарды жолға қоюға ерекше мән беруі қажет деп санаймыз. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін, ең алдымен, ғылыми мақаласын, диссертациясын, монографиясын, оқулықтарын қазақша сауатты жаза алатын, ғылыми конференциялар мен конгрестерде баяндамасын қазақша жасай алатын, дәрістері мен практикалық сабақтарын қазақ тілінде өткізетін, түрлі ғылыми жиындарда ойын еркін жеткізіп, өз пікірін дәлелдей білетін, ғылым тілін, сала терминологиясын жетік меңгерген кәсіби ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді даярлау қажет. Ғылымның барлық саласы бойынша қазақ тілінде шығатын сапалы ғылыми журналдар болуы міндетті. Қазақша ғылыми кітаптар мен оқулықтар қоры мол болуға тиіс. Осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілсе, қазақ тілінің ғылыми терминологиясы жетіліп, ғылым тілі ретіндегі қолданысы да кеңейеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ
