Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев қалалық көпсалалы ауруха­наның медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі Меди­циналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияз да қатысты.
Жаңаөзенде Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды
135
оқылды

Аурухана ұжымымен әңгіме барысында Аббат Өрісбаев Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жол­дауындағы негізгі реформаларға, онда белгіленген міндеттердің ел дамуындағы маңызына тоқтал­ды. 

– Президент Жолдауы ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қар­саңындағы ауқымды саяси ре­фор­малардың жалғасы болып сана­лады. Атап айтқанда, жаңа Кон­с­титуцияның қабылдануы, бір  палаталы Құрылтайдың сайла­нуы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын бастауы және Вице-Президент инсти­тутының құры­луы ел басқару жүйесіндегі маңызды өзгеріс­тердің бірі болып отыр, – деді депутат. 

Сонымен қатар Аббат Өріс­баев өңірде «Халықтық құры­лыс» жобасы аясында жүзеге асырылатын медици­налық ин­фра­құрылымды дамыту баста­маларына назар аударды. Жол­дауда халықтың өмір сапасын жақсарту, медициналық қыз­меттің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде айқын­далғанын жеткізді.

Ал Денсаулық сақтау мин­истрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияз сала бойынша алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталды. Ол меди­циналық инфрақұрылымды жаң­ғырту, ана мен бала ден­саулығын қорғау және денсаулық сақтау саласына озық техно­ло­гияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

Бұдан кейін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Бекмұрат Жүсіпов пен Кирилл Осин, облыстық ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы Оңайбек Әбділов қатысты.

Жиында елдің экономикалық дамуы, энергетикалық қауіп­сіздік, көлік-логистика әлеуеті, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамдық келі­сімді нығайту мәселелері тал­қы­ланды. Сондай-ақ Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін арт­тыру, АЭС салу, Кендірлі әуе­жайы­ның ашылуы және өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағыт­тарына назар аударылды.

Кездесулер барысында қаты­су­шылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жұмыс тобының өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдарын жан-жақты түсіндірді.