Елордада еліміздің барлық өңірінен келген 840-тан астам конкурсант пен мыңға жуық сарапшының басын қосқан «WorldSkills Kazakhstan 2026» чемпионатының салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Салтанатты ашылу рәсіміне Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов қатысып, чемпионаттың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызын атап өтті және қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыстар алты бағытты қамтитын 44 құзыреттілік бойынша өтеді. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, көлік және логистика, әлеуметтік және жеке қызметтер, креативті индустриялар мен дизайн, құрылыс технологиялары бар.
Биылғы чемпионаттың ерекшеліктерінің бірі - жекелеген конкурстық тапсырмаларда жасанды интеллект құралдарының қолданылуы. Бұл қатысушыларға кәсіби міндеттерді орындауда заманауи цифрлық технологияларды пайдалану дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді.
Сайыстар 26-28 қараша аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында болады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 30 қарашада өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
