Солтүстік Қазақстан облысында «Сапалы өнім» жобасы аясында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ет өнімі анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Аталған жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда, ол тауарлардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Өңірде бұл жұмысты ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер жүргізіп келеді.
Тұтыну нарығына жүргізілген мониторинг барысында Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден зертханалық талдау жүргізу мақсатында мұздатылған еттің сынамасы алынды. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың зерттеу нәтижесінде ет құрамынан адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін Listeria monocytogenes бактериялары анықталды.
Бұзушылыққа байланысты ветеринариялық бақылау органдарының, ветеринариялық қызмет өкілдерінің және өнім иесінің қатысуымен комиссия 75 кг мұздатылған етті арнайы пеште өртеу арқылы жойды.
«Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің жүргізген жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бірақ кәсіпкерлер де сататын тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуге тиіс», - деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов.
«Сапалы өнім» жобасы аясында тұтыну нарығына мониторинг жүргізу жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.
