Атырау облысында полиция мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәлігін дайындап, сатумен айналысқан күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 803 жалған құжат тәркіленді.
ІІМ мәліметінше, 23 қарашада полиция қызметкерлері ішінде төрт ер адам болған Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі табылған.
Осыдан кейін полиция жалған құжат дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады. Оның тұрғылықты жерін тінту барысында:
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің – 606;
- Ішкі істер министрлігінің – 95;
- мемлекеттік кірістер органдарының – 47;
- прокуратураның – 46;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді.
Сонымен қатар ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжат дайындауға пайдаланылған өзге де заттар табылды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті жалған қызметтік куәлік сатумен айналысқан. Полиция тоқтатқан көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжат сатып алғаны анықталды.
– Қазіргі уақытта полиция құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарын және жалған қызметтік куәліктерді сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Полиция қызметкерлерінің уақтылы әрі жүйелі әрекеттерінің арқасында қылмыс жасау үшін пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған қызметтік куәліктің одан әрі таралуына жол берілмеді, – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.
