«Әділет» партиясының өкілдері еңбек ұжымдары және өңір тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің жергілікті жерлерде қалай жүзеге асатынын және оның халық өміріне қандай өзгеріс әкелетінін сөз етті.
Өңірлерді дамыту, сапалы білім және инфрақұрылымды жаңғырту: «Әділет» партиясы Жолдаудағы міндеттерді талқылады
123
оқылды

Ұлытау, Атырау облыстары мен Алматы қаласында жаңа нысандар салу, халықты сапалы ауыз сумен қамту, электрмен тұрақты жабдықтау және білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Әділет» партиясының өкілдері еңбек ұжымдары және өңір тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің жергілікті жерлерде қалай жүзеге асатынын және оның халық өміріне қандай өзгеріс әкелетінін сөз етті.

Ұлытау облысы: 2029 жылға дейін өңірде қандай өзгерістер болады?

Жезқазғанда «Әділет» партиясының өкілдері №4 жалпы білім беретін мектеп ұжымымен кездесті. Жиында Ұлытау облысын дамыту және алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалар талқыланды.

Кездесуге «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Мырзабеков пен партияның Әйелдер қанатының инклюзия бағыты бойынша үйлестірушісі Жанна Болатбекова қатысты.

2029 жылға дейін өңірде бюджет есебінен 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Онда жол және тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік желілерді жаңарту бағыттары қамтылған.

Сондай-ақ Жезқазған қаласында жүзеге асырылатын ірі жобаларға назар аударылды. Атап айтқанда, Конгресс-орталық, университет, инклюзивті спорт орталығы және әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынбақ. Жаңа нысандар тұрғындардың білім алуына, спортпен шұғылдануына және әлеуметтік қолдау алуына қосымша мүмкіндік береді.

Ерлан Мырзабеков өңірдің дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі керектігін атап өтті.

«Әрбір жаңа нысан тұрғындар үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл – сапалы білім алу, спортпен шұғылдану, әлеуметтік қолдау көру және тұрмысқа қолайлы жағдай жасау. Сондықтан жоспарланған жобалар уақытылы жүзеге асып, өңір тұрғындарына нақты пайдасын тигізуі маңызды», - деді Ерлан Мырзабеков.

Атырау облысы: ауыз су мен электр қуатының тұрақты берілуі

Атырау қаласында «Әділет» партиясының өкілдері «Магистральный водопровод» ЖШС және «KEGOC» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Жиында сумен жабдықтау, коммуналдық желілерді жаңарту және елді электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Кездесуге қатысушылар «Халықтық құрылыс» бастамасын талқылады. Оның аясында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Қаражат коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, инженерлік желілерді жаңартуға және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Сонымен қатар су шығынын азайту, оны есепке алуда цифрлық технологияларды енгізу және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру мәселелері сөз болды.

Кездесуде энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясының тапшылығын жойып, оны өндіру көлемін тұтыну деңгейінен асыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен желілерді жаңғырту, сондай-ақ күн электр станцияларымен қоса, жаңартылатын энергия көздерін дамыту көзделген.

Партия мүшесі Гүлнафис Танбаева бұл салалардың дамуы сумен жабдықтау және электр энергиясын тарату жүйелерінің тұрақты жұмысын күн сайын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Күнделікті тұтынып жүрген ауыз су мен электр энергиясының артында мыңдаған маманның еңбегі мен жауапкершілігі тұр. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартып, заманауи технологияларды енгізумен қатар, осы сала қызметкерлеріне де лайықты еңбек жағдайын жасау маңызды», - деді Гүлнафис Танбаева.

Алматы: білім сапасы және педагогтерді қолдау

Алматы қаласында «Әділет» партиясының өкілдері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары және қызметкерлерімен кездесті. Жиында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және оқу ісіне заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Кездесуге «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының өкілдері мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Жиылғандар Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру саласына қатысты белгіленген негізгі міндеттерді талқылады. Әсіресе білім беру жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттыру және олардың кәсіби құзыретін дамыту мәселелеріне басымдық берілді.

Сондай-ақ мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту, артық әкімшілік жүктемені азайту және білім беру ұйымдарына заманауи оқыту әдістерін кеңінен енгізу мәселелері қозғалды.

«Әділет» партиясының өкілі Айнұр Мұқажанова білім беру жүйесін жаңғырту және педагогтердің кәсіби дамуына қажетті жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

«Білім беру жүйесінің сапасы ең алдымен педагогтердің кәсіби даярлығына және олардың жұмысына жасалған жағдайға байланысты. Мемлекет басшысы  Жолдауында мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, артық жүктемені азайтуға және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға ерекше мән берді. Бүгінде болашақ педагогтерді даярлау кезінде олардың цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануды үйретіп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру маңызды. Өйткені сапалы педагогикалық білім – бәсекеге қабілетті әрі саналы ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі», - деді Айнұр Мұқажанова.

Кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері мен білім беру саласының өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби тәжірибесін бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Бұған дейін «Әділет» партиясының өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары мен еңбек ұжымдарына түсіндірген болатын. Өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.