2026 жыл Елена Рыбакинаның кәсіби мансабындағы тарихи маусым болды. Қазақстандық теннисші төрт турнирде топ жарып, оның ішінде «Үлкен дулығаның» екі бірдей жүлдесін қанжығасына байлады. Жыл басында Австралияның ашық чемпионатында (Australian Open) жеңіске жетсе, қыркүйекте алғаш рет АҚШ-тың ашық чемпионатында (US Open) чемпион атанды. Қос доданың финалында Рыбакина Беларусь теннисшісі Арина Соболенконы тізе бүктірді.
Әлемнің бірінші ракеткасы енді нені армандайды?
Баспасөз мәслихатында Aikyn.kz тілшісі қойған сауалға жауап берген Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейінгі басты мақсаты туралы айтып берді.
– Шынымды айтсам, бұл биікті енді ғана бағындырдым. Қазір бар ойым – алдағы маусымда. Ендігі мақсатым – «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жету. Әзірге алдыма бұдан да ауқымды мақсат қойған жоқпын. Жақында үзіліс алдым, сондықтан біртіндеп бұрынғы режиміме оралып, жаттығуды қайта бастауым керек. Әзірге алдағы бірнеше апталық дайындығымның қалай өтетінін ойлап жүрмін. Ал жаңа жоспарлар мен армандар уақыт өте келе өздігінен пайда болады деп ойлаймын, – деді ол.
Спортшы Қазақстандағы сапарынан кейін Дубайға аттанып, жаңа маусымға дайындығын бастайды. Үш-төрт аптадан кейін Оңтүстік Кореяда көрме матчын өткізіп, одан әрі Австралиядағы турнирлерге қатысуды жоспарлап отыр.
Соболенкомен бәсекелесу қаншалықты қиын?
Биыл Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында осыған дейін рейтингте көш бастаған Арина Соболенконы екі рет жеңді. Осы орайда Aikyn.kz тілшісі теннисшіден бір қарсыласпен бірнеше рет кездескенде ойын стратегиясын құру қаншалықты қиындай түсетінін және бір-бірінің ойын мәнерін жақсы білетін спортшылардың мұндай жағдайда тактикалық басымдыққа қалай қол жеткізетінін сұрап көрді.
– Әдетте қатарынан бірнеше матч өткізген уақытта келесі ойынға дайындалу оңай емес. Өйткені онымен өткізген барлық матчта арамыздағы айырмашылық өте аз. Айырмашылық небәрі бір-екі ұпайға және матч барысында қабылданған кейбір шешімдерге байланысты. Сондықтан, меніңше, онымен қайтадан кортқа шығу көбірек қобалжытады. Алайда біз командамызбен бірге бұрынғы және жақында өткізген барлық матчты талдаймыз. Қалай болғанда да, кейбір ойын әдеттеріміз өзгермейді. Сондықтан матч барысында түрлі тәсілдерді қолдануға тырысамыз, – деді Елена Рыбакина.
Сондай-ақ Рыбакина БАҚ өкілдеріне берген жауабында Париждегі турнирде үздік нәтиже көрсетуіне кедергі келтірген факторлар туралы да айтты. Оның сөзінше, топырақ төселген корт физикалық ерекшеліктеріне байланысты өзіне айтарлықтай қолайлы болмаған. Сонымен қатар спортшының нәтижесіне денсаулығы мен маусым барысында түсетін физикалық жүктеме де әсер еткен.
– Өйткені өткен жылды өте жақсы аяқтадым және жеткілікті деңгейде көп матч ойнадым. Осыған байланысты жылдың басы оңай болған жоқ. Белгілі бір сәтте ойын деңгейімнің төмендейтіні анық еді. Алайда денсаулықтың аты – денсаулық. Үнемі жүз пайыздық мүмкіндігіңмен өнер көрсете алмайсың. Келесі жылы, әрине, титулдарымды қорғауым керек деген ойға байланып қалмаймын. Барлығында жеңіске жеткім келеді. Бірақ, әрине, «Ролан Гарроста» нәтижеге қол жеткізу қызығырақ, – деді теннисші.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете ме?
Баспасөз мәслихатында спортшы журналистердің Билли Джин Кинг кубогына қатысты қойған сауалына да жауап берді. Елена Рыбакина келесі жылы ұлттық құрама сапында өнер көрсетуі жарыс күнтізбесіне, турнирдің өтетін орнына және корттың жабынына байланысты екенін жеткізді.
«Алматыға келгенде өзімді үйдегідей сезінемін»
Елена Рыбакина спорттан бөлек, Қазақстанмен байланысы туралы да әңгімеледі. Уақытының басым бөлігін Дубайда өткізетін теннисші Алматының ауа райы өзіне қолайлы екенін және мұнда достары көп екенін айтты. Әсіресе, теннисшінің қазақтың ұлттық тағамдарына деген ықыласы ерекше.
– Алматыға келгенде өзімді шынымен үйдегідей сезінемін. Шын мәнінде, мұнда көп тамақтанамын. Бесбармақ пен тәттілерді сүйсініп жеймін. Достарымның жанында өзімді үйдегідей сезінемін, – деді ол.
«Жеңілістен кейін алға жылжи білу қажет»
Одан бөлек Елена Рыбакина спорттық мансабының алғашқы кезеңінде ата-анасының өзін қалай қолдағанын еске алды.
– Ата-анам әрдайым сәтсіздіктен кейін жақсы күндер келетінін айтатын. Жеңілісті ойлай беруге болмайды. Белгілі бір сәтте оны артта қалдырып, жұмысты қайта жалғастыра білу керек. Балаларға жеңілісті қабылдау одан да қиын болуы мүмкін. Бір бала үшін турнирдегі жеңіліс үлкен соққы болса, енді бірі оны соншалықты ауыр қабылдамайды. Ең бастысы, теннистің көңіл көтеретін, өзіңе ұнайтын іс екенін түсіну. Кейде қиын болады, бірақ нәтижеге қол жеткізу үшін өзіңді де жеңе білуің керек, – деді Елена Рыбакина.
Алматыға сапары аясында Елена Рыбакина «Алатау» теннис орталығында жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді. Балалар спортшымен бір кортта ойнап, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
