Жоан Роулиң – әлемдегі ең бай жазушының бірі. Оның әйгілі «Хәрри Поттер» романдар топтамасы 500 миллионнан астам данамен таралып, 80-нен астам тілге аударылған екен. Жазушыны миллиардер еткен бұл кітап қазақшаға аударылып, өз оқырманына жол тартты. Қазақша «Хәрри Поттердің» иесі – Steppe & World Publishing баспасы. Баспа қожайыны – Раиса Сайранқызы.– «Хәрри Поттер» алғаш рет қазақ тіліне аударылды» дейсіз. Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Асылай Сейтенованың қазақшаға аударғаны туралы естіп едік. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Асылайдың аудармасын көре алған жоқпын. Ол баланың өзімен де таныс емеспін. Жалпы, бұған дейін де әуесқой аудармашылардың «Хәрри Поттерді» аударғанын жақсы білеміз. Тіпті, Испанияның өзінде әуесқой аудармашылардың бұл кітапты испан тіліне аударғанынан хабарымыз бар. Мұндай үрдіс әлемнің өзге елдерінде де кездеседі. Біздің аударманың басты ерекшелігі – автордан ресми рұқсат алғанымыз. Кез келген шығарманы аударып, не болмаса баспадан шығармас бұрын міндетті түрде автордан рұқсат алған жөн. Өйткені авторлық құқық деген болады. Автордың рұқсатынсыз жасалған дүниелердің көбі – «қарақшылық» деп есептеледі.
– Демек, тұңғыш аударма деп есептемейміз. Солай ма?
– Тұңғыш болмауы мүмкін. Бірақ тұңғыш ресми аударма деп санауға негіз бар.
– Жоан Роулиңке дейін де аударма ісімен айналысқаныңызды жақсы білеміз. Оның көбі Қазақстанда емес, өзге елдерде жүргенде жасалды. Ал «Хәрри Поттерді» елге келіп аударуды жөн санапсыз. Мұның белгілі бір себебі бар ма?
– Қазақ тіліндегі «Хәрри Поттер» – таза коммерциялық жоба. Ал елге келудегі басты себебім – өмірімнің көп бөлігі шет елдерде өтті. Еуропаның бірқатар елінде тұрдым. Америкада білім алдым. Өзім де, балаларым да қазақ. Олар неге қазақы ортада өспейді? Балаларым қазақтың ортасында, ұлттың мәйегін бойға сіңіріп өссін деген мақсат та болды бір жағынан. Екіншіден, қолға алған жобамды ары қарай жүзеге асыру үшін Қазақстанда болғаным дұрыс деп санадым. Барлық кәсіби аудармашылар, нағыз мамандар осында емес пе?
– Аударма ісі бізде кеш қалды деп айта алмаймыз. Бұған дейін де көркем әдебиет қазақшаға аударылып, баспадан жарық көріп отырды. Көркем әдебиетті көркемдеген – қазақ қаламгерлері. Яғни, ақын-жазушылар. Тілі шұрайлы, әдеби, әуезді шығуы үшін көркем дүниені қаламгерлерге беріп отырды. Әрине, ол кітаптардың дені орыс тілінен аударылғаны белгілі. «Хәрри Поттер» ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылып отыр. Редактор таңдау барысында басты талап қандай болды?
– Бұл аударманың ең басты артықшылығы – түпнұсқа тілден аударылғаны. Түпнұсқадан тікелей аударма жасайтын ақын-жазушы некен-саяқ. Кеңес заманында шыққан аудармалардың көбі – орыс тілінен аударылғанын айтып отырсыз. Оны орыс тілін жақсы білетін, сауатты қаламгерлер аударғанын тағы білеміз. Француз, неміс, ағылшын, жапон тілінен аударып, көркемдеп оқырманға жеткізіп отырса, әңгіме бір бөлек. Ал жалпы редакциялаудың өзі оңай емес. Ол қажырлы еңбекті талап етеді.
– «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» әлі оқырманға толық жете қойған жоқ. Әдебиетші қауымнан сын айтылып жатса, қалай қабылдайсыз?
– Сын шын болса, әрине дұрыс қабылдар едік. Әзірге әлеуметтік желіде жазылған пікірлерге қарағанда, ондай «қатал» сын айтыла қойған жоқ секілді. «Тілі жеңіл, өте түсінікті, жылдам оқып шықтық» деген сөздер де айтылып жатыр. Көпшілікке ұнап жатқан секілді. Әуелде «қалай болар екен?» дегендей бойда қобалжу болған. Байқасаңыз, ағылшыннан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударылған кезде сыни пікірлер көбірек айтылуы мүмкін еді. Өйткені орыс тілінің өзіндік нюанстары бар. Олар өздерінің фразеологиясына сәйкестендіріп аударады. Ал ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударғанда кей сөздерді қазақы қалыпқа келтіру оңай болады. Керісінше, ол сөздер орысшаға аударылғанда мағынасы өзгеріп кетуі мүмкін. Орысшадан қазақшаға аударылғанда қалай болатынын өзіңіз де бағамдай беріңіз.
– «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының құрылғанына көп болған жоқ. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынғаны белгілі. Соңғы кездері «Ұлттық аударма» бюросы ара-тұра көркем әдебиетке де ден қойып жүр. Одан бөлек, «Кітап кз» жобасы бар. Олар да көркем әдебиетті аудару ісін қолға алған секілді. Оған қосымша, сіздің баспа да аударманы жолға қойып жатыр. Ертең олар бір-бірімен бәсекелес болып кетпей ме?
– Оларды өзіме бәсекелес деп санамаймын. Өйткені «Ұлттық аударма бюросымен» бірлескен бірнеше жобаларымыз бар. Ұлттық бюро көбіне оқулықтарды аударумен айналысады. Бұл – бір. Екіншіден, біздің жұмысымыз – коммерциялық жоба. Екеуінің атқаратын функциясы екі бөлек. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры атқарып отырған дүниелердің ауқымы кең. Ол қазаққа керек жоба деп ойлаймын. Оқулықтарға сапалы аударма жасау да оңай шаруа емес. Осы тұрғыдан алғанда, Рауан Кенжеханұлы басқаратын ұжымның жұмысына жоғары баға берер едім.
– «Ақылды қоян» белгілі шығыстанушы, журналист Ғалым Боқаштың аудармасында оқырманға жетті. «Ақылды қоянды» аудару идеясы қайдан туды?
– «Ақылды қоянды» Ғалым аға ертерек аударып қойған екен. Ол кісінің оны аударғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желіден оқыдым. Франкфуртқа кітап жәрмеңкесіне жиі барып тұрамын. Сондай жәрмеңкенің бірінде Франкфуртте тұрып, Ғалым ағаға хабарластым. «Аға, сіздің «Ақылды қоянды» аударғаныңызды естідім. Осы кітапты баспадан шығарсақ, қалай болады?» деп едім, «Егер автордан авторлық құқық ала алсаң, шығара бер» деді. Содан баспаға барып, авторлық құқығын алуға көндіріп, баспа саласындағы алғашқы қадамды осылай бастаған едік.
– «Ақылды қоян» арқылы қанша табыс таптыңыз?
– Ол туралы Қазақстанда дұрыс жарнама болған жоқ. Бұл жобадан кереметтей табыс таптым деп айта алмаймын. Егер жақсы жарнама жасай алсақ, «Ақылды қоянның» да табысы жоғарылар еді. Оған қарағанда, Ғалым аға аударған Джулия Дональдсонның «Груффало» ертегісі жақсы сатылып жатыр. Оны Ғалым аға майын тамыза аударды.
– «Хәрри Поттер» – Жоан Роулиңке атақ та, ақша да алып келген әйгілі шығарма. Бұл шығарма қазақ оқырманына орыс тілінде жетті. «Хәрри Поттерді» білмейтін қазақ баласы кемде-кем. Қазақ оқырманына кешігіп жеткен аударма десек те болады. Кәсіпкер ретінде табыс табамын деп ойлайсыз ба?
– Бұл шығармадан екі жақты пайда табамын деген ойым бар. Біріншіден, қаражат жағынан табысты жоба болуы тиіс. Бұдан түскен пайда келесі аудармаларды аударуға керек болады. Екіншіден, кітаптың құнын арттыруды көздеп отырмыз. Бұған дейін қазақ кітабының құны болмаған десек те болады. Жазушылар шығармасын өте арзан бағалайды.
– Тегін алып үйренгендер бар.
– Иә, тегін алғысы келетіндер көп. Көпшіліктің айтатын бірінші уәжі – «қазақша болса, сапасыз деген сөз». Алдын ала осындай қорытынды жасап тастайды. Осындай ой-пікірді өзгерткім келеді. Яғни, мұндай «қазақы» қалыпты бұзғым келеді. Қазақша неге сапалы шығуға болмайды? Қазақ кітабын неге сатып алмаймыз? «Меломан» дүкендерінен орысша кітапты сатып алған оқырман көп қой. Оған ақшасын аямайды. Өйткені оның мұқабасы әдемі, сапасы жоғары.
– Әлем таныған жазушылардың өзінен гөрі насихаты жоғары. Олар үшін әдеби агенттер жұмыс істейді. Әдеби агент әуелі кітап сұранысқа ие бола ма, жоқ па, соны зерттеп көреді. Яғни, табыс табуға болатынын-болмайтынын алдын ала анықтайды. Сіз қазақ аудиториясын зерттеп көрдіңіз бе?
– Зерттеу жасап көрдік. Бірақ нақты санын анықтай алған жоқпыз. Әрі мұнда табыс тапқан коммерциялық жобаны байқамадық. Мұндай жобалардың көбі мемлекеттік тапсырыспен шығады. Сондықтан «пәлен табыс табамыз» деген нақты ақпарат болған жоқ. Мені мазалаған бірінші сұрақ әлемдік бестселлердің қазақша шықпағаны ғана.
– Авторды да, шығарманы да таңдамайсыз. Бірінші балаңыздың талғамына мән беретініңіз анық. Балаңыз қай шығарманы сүйіп оқиды, соны аударғыңыз келеді. Балаңыз кітапты қай тілде оқиды?
– Балам ағылшын тілінде оқиды. Оның балаларға арналған кітаптарды іздеп жүріп оқитыны бар.
– Ағылшын тілінде оқыған бала қазақша нұсқасын қабылдай ма?
– «Хәрри Поттер және пәлсапа тастың» қазақша аудармасының алғашқы тарауларын оқып көрді. Алғашында «оқи аламын ба, жоқ па» деген қорқыныш болғаны рас. Бірақ баламның ең бірінші айтқаны: «жеңіл әрі түсінікті оқылады екен» деді.
– Қазір интернет дәуірі басталған заман. Қағаз кітаптан гөрі онлайн-кітапхананың дәурені жүріп тұр. Осы тұрғыдан келгенде ұтылып қалмайсыз ба?
– Бүгінде электронды нұсқаға қарағанда, аудио кітаптардың дәуірі көбірек жүріп тұр. Онлайн-кітапхананың да кемшілігі бар. Кез келген жерде, кез келген ортада оқуға жеңіл болғанымен, көзді ауыртады. Әрі қолмен ұстап, иісін иіскегендей болмайды. Кітаптан ләззат алу деген бөлек сезім ғой. Еуропадағы кітап жәрмеңкесіне барсаңыз, кітаптың дәуірі бітпегеніне көзіңіз жетеді.
– Еуропадағы кітап жәрмеңкесінен «Хәрри Поттердің» қазақша аудармасын ғана емес, келешекте қазақ ертегілерін де көре аламыз ба?
– Көркем безендірсек, қазақ ертегісіне жетер кітап болмас еді. Бастысы, құндылықтардың өзгермеуі. Ол күн де туады деп ойлаймын.
– Келесі кезек Муракамидің «Норвег орманына» келген сияқты. Оны қашан көреміз?
– Муракамиді аудару оңай емес екен. Жоба әлі толықтай біткен жоқ. Алла қаласа, «Норвег орманын» қазақша оқитын күн алыс емес.
– Кәсіпкердің «ұтылатын да, ұтатын да» кезі көп болады. Тәуекел етуге дайынсыз ба?
– Әрине, кез келген кәсіпкер жұмыс бастамас бұрын жан-жақты ойланып-толғанады. Сол секілді менің де тәуекелге барып отырған жайым бар. Өзімді оптимиспін деп санаймын. Алла бұйыртса, бәрі жақсы болады.
ӘңгімелескенГүлзина БЕКТАС